Кеше Мемлекет басшысының Жарлығымен Ермек Маржықпаев Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі лауазымынан босатылды. Былтыр 2 қыркүйекте тағайындалған еді. Биыл 31 тамызда босатылып отыр. Олимпиададан кейін спорттың күй белгілі болған. Соған орай екені сөзсіз.
Ал аптада Президент Олимпиада жүлдегерлерімен кездескен. Әрқайсын жеке құттықтап, барлығының кеудесіне мемлекеттік награда тақты. Жалғыз алтын медаль алған Елдос Сметовтың еңбеген ерекше атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елдос бауырым, сен Олимпиадаға аттанар алдында маған және барлық спорт жанкүйерлеріне бар күш-жігерімді жеңіске жету үшін жұмсаймын деп уәде бердің. Сөзіңде тұрдың. Нағыз жігітсің! Біз бәріміз сені мақтан тұтамыз.
Бұдан соң спорт саласындағы былықты санамалады. Олимпиада көрсетіп берді. Реформа қажет. «Қатысудың өзі қайда жатыр» дейтін емес, Орталық Азияда спортқа ең көп қаржы бөлетін - Қазақстан. Ал ресми емес есепте 43-орын алдық.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Салалық министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті, өңірлердегі спорт басқармалары мен федерациялардың жұмысында олқылық көп әрі өзара үйлесімді жұмыс жоқ. Қазіргі жағдайға қарағанда, спорт функционерлері саланы дамытумен емес, миллиардтаған бюджет қаржысын игерумен әлек. Олар түпкі нәтижеге бас ауыртпайды. Спорт саласында жемқорлық фактілері жиі кездеседі. Бұл тек отандық спорттың дамуына ғана емес, елдің абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Мұндайға жол беруге болмайды.
Федерациялардың қызметіне сараптама жүргізіліп, қаржыландыру тәсілдеру қайта қаралмақ. Ал Олимпиада резервін дайындайтын мектеп-интернаттар мен колледждер енді барлық өңірде болуы тиіс. Айтпақшы бар мектептердің бағдарламасына кірген 162 спорт түрінің тек 52-сі ғана олимпиадалық спорт түріне жатады екен.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тағы бір міндет – спорт қауымдастықтарының тиімділігін арттыру. Олардың көбі мықты спортшыларды іріктеп, кәсіби тұрғыдан өсірудің оңтайлы жолын таппай келеді. Соның салдарынан нағыз дарынды жастар көзге ілінбей, жолы ашылмай қалады. Сондықтан ел ішіндегі түрлі жарыстарда әділдік болуын қамтамасыз ету керек. Спортшыларды іріктеу жұмыстары барынша ашық жүргізілуге тиіс.
Президент шетел спортшыларына азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек екенін айтты. Өйткені кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн,– деді Мемлекет басшысы. Ал барды бағаламау тіпті жаман.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мысалы, осы Олимпиада ойындарында Тунис елінің таэквондодан ұлттық құрамасы қазақ бапкері Есбол Сұлтановтың жетекшілігімен екі медаль жеңіп алды, оның біреуі – алтын медаль. Бапкерлерге жан-жақты қолдау көрсету шараларын қолға алу керек, әсіресе, олардың қоғамдағы әлеуметтік және кәсіби мәртебесін арттыру өте маңызды.
Мемлекет басшысы елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мән-маңызына да тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Олимпиада кезінде түбі бір түркі жұрты өзара тілектестік пен жанашырлықтың шынайы үлгісін көрсетті. Спортшылар да, жанкүйерлер де көрші елдердің әрбір жеңісіне шын жүректен қуанды. Бір-біріне қолдау білдіріп, қажет болса көмектерін де аяған жоқ. Тіпті, балуандарымыз жеңіс тұғырына туған бауырлар сияқты бірге көтерілді. Халықтар арасындағы риясыз достық дегеніміз – осы! Бұл – шын мәнінде, баға жетпес байлық. Біз барлық салада бір-бірімізге тілектеспіз. Көшпенділер ойындары бауырлас елдердің осындай мызғымас бірлігін бекемдей түспек. Сондықтан оны жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз керек.
Сөз соңында тамаша жаңалық: Парижде өтіп жатқан паралимпиадада алғашқы жүлде қоржынға түсті. Пара нысана көздеуде Еркін Ғаббасов күміс медаль алды. Винтовкамен 10 метрге нысана көздеуде Еркіннің алдын тек оңтүстік кореялық спортшы орап кетті.
Еркін Ғаббасов, Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері:
Бір жыл ғана ғой енді. Әлі талай алға ұмтыламыз. Дайындалмыз. Бізге тек дайындық керек. Международный дайындық керек. Бәріне рақмет. Қолдап жатқандарыңызға, қолпаштап жатқандарыңызға. Өз туған ауылыма рақмет. Қараөзек ауылына. Барлық туыстарыма.