Үкімет АЭС салу бойынша референдум өткізуге қатысты қаулы қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет АЭС салу бойынша референдум өткізуге қатысты қаулы қабылдады

27.08.2024

Үкімет АЭС салу бойынша референдум өткізуге қатысты қаулы қабылдады. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтың айтуынша, Қазақстанда атом энергетикасын дамытуға барлық мүмкіндік бар. Ал құрылысқа бөлінген қаржы толықтай мақсатты игеріледі. Өйткені мемлекет қана емес халықаралық беделді ұйымдар да жобаның құрылысын қатаң бақылауда ұстайды. Өйткені атом қауіпсіздігі бір ел емес әлем үшін маңызды деді министр. 

Жиында сөз алған Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Атом электр станциясын салу не үшін қажет екеніне жауап берді. Қазір Қазақстан бойынша қуаттың 66 пайызы көмірден алынып отыр. 21 пайызы газ, 7 пайызға жуығы су электр станцияларының үлесінде. Жаңартылған энергия көздеріне тұтынылатын тоқтың 6 пайызы тиесілі. Қолданыстағы жылу электр станциялары 70 пайызға тозған.
Энергия тұтыну көлемі жыл сайын 3-5 пайызға артып келеді. Ал 2035 жылға дейін сағатына 150 млрд кВт-қа дейін жетеді дейді министр. Ал өндіріс көлемі одан 20 млрд-қа аз болады.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
Бүгіннің өзінде өнеркәсіп, металлургия, ІТ, медицина, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда жаңа ауқымды жобаларды бастау үшін энергия тапшы болып тұр. Егер кәсіпорындарды ашсақ экономикалық өсім жылдамдап, жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың тұрмысы жақсаратын еді. Қолданыстағы электр станцияларын модернизациядан өткізіп, жаңаларын іске қоспасақ жағдай жыл санап ушыға береді.
Қазір әлемдік ірі компаниялар көмірмен жұмыс істейтін станцияларды салмайды. Өйткені көміртегі бейтараптылығы келісіміне қол қойған. Қазақстанның климаттық ерекшелігіне байланысты жел, су күннен тұрақты энергия өндіру мүмкін емес. Маусымдық тапшылықты қамтамасыз етуге ғана қауқарлы. Ал газ станциясын салайық десек өзімізде де газ тапшы.
Тимур Жантикин, «Қазақстандық атом электр станциялары» компаниясының басшысы:
Атом электр станциясы ең қауіпсіз әрі тұрақты қуат көзі саналады. Біз 2018 жылдан бері бірқатар зерттеулер жүргіздік. Қандай технология пайдаланған тиімді, қуаты қанша болуы керек, қай жерде орналасуы керек екенін анықтадық. Біздің зерттеу қорытындыларымен әлемдік ұйымдар да келісіп отыр.
Қазақстан қазір Жапония, Қытай, Франция, Ресей елдерінің жобаларын қарастырып жатыр. Барлығы үш, үш плюс буынындағы реакторларды орнатады.
Саябек Сахиев, «Ядролық физика институты» РМК бас директоры:
Қазақстанның таңдап отырған су энергетикалық реакторы ең алғаш 1957 жылы салынған. Сол 67 жылдың ішінде 415 реактор жұмыс істеп тұр соның 200-ден астамы осындай реактор. Оның бәрі осы 67 жылдың ішінде бір рет оқиға болған емес. Штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бұл қауіпсіздіктің бір белгісі.
Тіпті Қазақстанның ядролық зерттеу институтының базасында тура осындай реактор бар. Оған қойылатын қауіпсіздік талаптары атом станциясымен бірдей. Осы қазандықтарды қазақстандық ғалымдар жылдар бойы қиындықсыз басқарып келеді. Бұл тәжірибелі кадрлардың өзімізде де бар екенін дәлелдейді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Бұл саланың перспективасы зор екені анық. Бізді ядролық отын энергиясы толықтай игерілген. Шағын реакторларды пайдалану тәжірибесі жинақталды. Бұл бағытта мамандарымыз бен ғалымдарымыз бар. Кадр даярлауға да көңіл бөлініп келеді. Сондықтан Атом электр энергиясын дамытудың келесі кезеңіне көшу дұрыс қадам болып табылмақ.
Одан соң Алмасадам Сәтқалиев үкіметтің референдум өткізу туралы қаулысын қабылдауды ұсынды.

Үкімет мүшелері бірауыздан Атом станциясын салу бойынша референдум өткізуге қатысты қаулыны қабылдады. Бұл құжат Президент әкімшілігіне жолданатын болды.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу