Ерлер мен әйелдер суда жүзіп, семсерлесіп, ат жарысып, нысана көздеп, жүгіруден жарыс болады десе, Людовик XIV-нің замандастары сенбес еді. Қазіргі бессайыста атлеттер король сарайының бағында бақ сынайды дегенді естісе, тіптен талып қалар ма еді? Алғашқыда аңшы үйі ретінде бой көтерген ғимарат XVII ғасырда француз монархиясының орталығына айналды. Франциядағы мәдени мұралардың арасында алғаш болып ЮНЕСКО-ның қорғауына өткен Версаль сарайы мен бағы бүгінде Олимпия ойындарының спорт алаңына айналды.
Париждегі дүбірлі додада қазіргі бессайыстың жарыстары Paris Nord Arena-мен қоса, осы Версаль сарайы аумағында өтеді. Төрткүл дүние көз тігер тартыста Қазақстан намысын қос спортшы қорғайды. Елена Потапенко мен Георгий Борода-Дудочкин. 22 жастағы Тараздың тумасы 2019 жылы өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы екенін айта кетейік. Ал 31 жастағы Астананың тумасы Елена Потапенко былтыр Ханчжоуда өткен Азия ойындарында жекелей сында 5-орыннан көрінген болатын. Қазіргі бессайыстан қос спортшы ел намысын қорғайды.
Олимпиада ойындарының ең күрделі де тартысты жарысы қазіргі бессайыста спортшылар семсерлесумен қоса, конкурда бақ сынайды. Атлеттерге жарыс аттары сайыс алдында 20 минут бұрын жеребе бойынша беріледі. Еркін жүзу әдісімен 200 м қашықтықты бағындырады. Сонан соң лазер-ран, яғни 10 метрден лазер тапаншамен нысана көздеумен қоса, 3200 шақырымға кросс жүгіруден алма-кезек жарысады.
Бұл бәсеке бойынша тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қоржынымызда алтын бар екенін естеріңізге салайық. 1996 жылы Атлантада өткен Олимпиада ойындарында Александр Парыгин ел абыройын асқақтатқан еді. Соңғы кросс турында жол бойы екінші болып келе жатқан Александр соңғы секундтарда бар күш-жігерін жинап, мәре сызығын бірінші болып кескен болатын. Сөйтіп, оның 1992 жылғы Олимпиада чемпионы Эдуард Зеновканы шаң қаптырғаны ел есінде.
Айта кетейік, бүгін Олимпиада Ойындарының кезекті жарыс күнінде 9 спортшымыз спорттың 5 түрінен жарыс жолына шығады.
Қаракөз Тұрмағанбет