Алакөлдегі қауіпсіздікті күшейту керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алакөлдегі қауіпсіздікті күшейту керек

26.07.2024

Еліміздегі танымал туристік бағыттардың бірі Алакөлдегі қауіпсіздікті күшейту керек. Жазатайым жағдай болса, құтқарушылар жетіспейді. Сондай-ақ көлге келушілерді жағажайдағы тазалық мәселесі алаңдатады.

Айта кетейік былтыр Алакөлдің Жетісу облысына қарасты жағалауына 1,5 миллион адам келіп демалған.

Әлішер бірнеше жылдан бері осы аумақта кәсібін дөңгелетіп отыр. Маусым басталысымен, бұл демалыс орнында бос орын болмайды. Кәсіпкердің айтуынша, Алакөлде ортақ кәріз жүйесі салынған, бірақ іске қосылмапты. Мәселені әркім өзі шешіп, амалдауға мәжбүр.

 Әлішер Манников, кәсіпкер:

Кәріз құдығы толып кетпеу үшін уақытылы қадағалап тұрамыз. Мен септикті барлық талаптарға сай орнаттым. Арнайы техника жалдап, тазалаймыз. Тазалау жұмыстарына жарты миллиондай ақша кетеді. Әрине, мұның барлығы шығын.

Ал әкімдік 2021 жылы басталған кәріз тарту жұмыстарының мердігер компанияның жауапсыздығынан тұралап қалғанын айтып отыр.

Данияр Ысқақов, Облыстық кәсіпкерлік және инновациялық, индустриялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

Кәріз жүйесі бойынша жобалық-сметалық құжаттама корректировкадан өтіп жатыр. Ол жасалған соң 7 мың кубтық үлкен кәріз қондырғысы жұмыс істейтін болады. Қазіргі уақытта 95 км салынып бітті. Кәріз қондырғысын салынып жатыр, оны алдағы 2 жыл ішінде аяқтаймыз деген жоспар бар. Бөлінген қаражат 1 млрд кәріз жүйесіне және кәріз қондырғысына - 7 млрд.

Сондай-ақ Ақши, Көктұма ауылдары толық электр жүйесімен қамтылғанымен, энергия қуаты жетпейді. Қазір «Бескөл-Ақши» қосымша электр желісі тартылып жатыр. Қолданысқа берілген соң, электр қуаты 2-3 есеге артады дейді, әкімдік. Күніне 20 мың адам демалатын аймақта 32 маман тазалыққа жауапты.

Мұрат Раушанов, демалушы:

Мына Алакөлдің суы шетелден қарағанда емді су. Енді адам демалатын жерге тазалыққа көңіл бөлсе деп ойлаймын. Күнімен демалғаннан кейін қоқыстан басқа көп нәрсе жоқ. Қоқыс үйіліп қалады.

Раиса Қолдасбаева, демалушы:

Қоқыс жәшігі біраз алыстау. Жақын-жақын қоқыс жәшігін қойса кішкене. Әжетхана қиын, балалар іздеп әрең тауып барып жатыр. Қаншама кішкентай балаларымыз бар.

Суы мөлдір, табиғаты көркем Алакөлдің бір әттеген-айы - қауіпсіздік қамтамасыз етілмеген, -  дейді демалушылар. 13 шақырымға созылған жағажайда, бар-жоғы 15 құтқарушы, 1 су полицейі, 13 су көлігі бар. Олардың жағалауды толық бақылауға мүмкіндіктері жоқ. Сондай-ақ жыл сайын жағадағы жартас опырылып жатыр. Қазір әкімдік тарапынан қаржы бөлініп, жағалауларды бекіту жұмыстары жүзеге асырылуда.

Әйгерім Ердәулет

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу