Джо Байден сайлауға қайта түспейтін болды: Келесі президент кім? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Джо Байден сайлауға қайта түспейтін болды: Келесі президент кім?

22.07.2024

Джо Байден президент сайлауына қайта түспейтін болды. Бұл жайлы АҚШ президенті өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Бірақ президет сайлауына үміткер ретінде өзінің орынбасары, вице-президент Камала Харристі ұсынды. Ал республикалық партияның Конгрестегі өкілдері Ақ үй басшысын отставкаға кетуді талап етіп жатыр.

Байден өткен айдың соңында басты қарсыласы Трамппен өткен теледебат кезінде бірнеше рет сөзден жаңылып, өзін сәтсіз көрсеткен соң халық арасында беделі күрт түсіп кеткен еді. Тіпті ең жақын жақтастарының ішінде де одан екінші рет президент сайлауына түсуден бас тартуды талап етушілен көбейген. Ал демеушілер сайлау науқанына қарастырған 90 миллионнан аса доллларды бермей тоқтатып тастаған-ды. Алғашқы күндері бұған наразылық білдіріп, құдайдан бұйрық келмей сайлаудан бас тартпаймын деп мәлімдеген Ақ үй басшысы арада екі апта өткенде райынан қайтуға мәжбүр болды.

Розамонд Рохде, АҚШ тұрғыны:

Мен таң қалдым, бірақ оның дұрыс жасағанына қуаныштымын, себебі ол соңғы 4  жылда үлкен жұмыс атқарды, бірақ енді Дональд Трампқа қарсы мықты қарсылас болса дұрыс болар еді деп ойлаймын.

Әзірге президенттік жарыстан шығатыны жайлы әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған Ақ үй басшысы көп ұзамай халыққа үндеу жолдап, бұл шешіміне қатысты толығырақ түсінік беретінін айтты. Сондай-ақ президент сайлауына демократиялық партия атынан өзінің ізбасары ретінде вице-президент Камала Харристі ұсынды. Трамп болса, Камаланы сайлауда оңай жеңемін деп мәлімдеп үлгерді. Десе де өзінен он тоғыз жылға жас бәсекелеспен тайталасу да оңай емес, - дейді сарапшылар. Алайда қарапайым халықтың пікірі екіге жарылды.

Дэниел Риос, АҚШ тұрғыны:

Байденнің шешім қабылдағаны жақсы нәрсе, себебі ол сауатты қадам деп ойламаймын. Маған ұнамайтыны – оның ізбасары кім болады. Камал Харрис пе? Бұл дұрыс емес.

 Уинтон Уайт, АҚШ тұрғыны:

Менің ойымша ол өте ұнамды адам сияқты. Оның күмәнді болғаны ұнайды, білмеймін, оның адамдарды марихуана және сол сияқты нәрселерді шеккені үшін түрмеге қою дұрыс емес деп айтқаны сенім ұялатты.

Дегенмен нақты кім демократиялық партия атынан сайлауға түсетіні тамыздың 19-22 аралығында өтетін партия съезінде белгілі болмақ. Делегаттар үміткерді дауыс беру арқылы таңдайды. Ал республикалық партия депутаттары президенттік сайлауға түсуге шамасы жетпеген адам қалай ел басқара алады деген мәселе көтеріп, Байденнен отставкаға кетуді талап жатыр. Алайда президент толық мерзімі аяқталмай Ақ үйден шықпайтынын мәлімдеді.

Жалғас Сәдібекұлы 


Хабарламаларға жазылу