Елімізде газ қымбаттайды. Бірақ баға бірден емес, кезең-кезеңімен көтерілмек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Энергетика министрі айтты. Алмасадам Сәтқалиевтің сөзінше біздегі баға өзге елдерге қарағанда әлдеқайда төмен. 54-86 теңгенің аралығында. Ал Ресейде 132, Әзербайжанда 171, Тәжікстанда 273 теңге. Салдарынан еліміздің көгілдір отыны басқа мемлекеттерге заңсыз экспортталып жатыр. Оның үстіне газдың өзіндік құны да әлдеқайда жоғары. Сондықтан баға алдағы үш жылда сәл көтеріледі.
Сондай-ақ елімізді газбен қамту мәселесі де сөз болды. Сәтқалиевтің айтуынша қазір халықтың 60 пайызына көгілдір отын қолжетімді. Көрсеткішті арттыру үшін алдағы бірнеше жылда газ құбырлары тартылмақ. Олар «Бейнеу-Бозой-Шымкент», «Ақтөбе-Қостанай» және «Талдықорған-Үшарал». Ал биыл газдандыру жұмыстарына 200 миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылған. Ол 300 мыңдай отбасыны көгілдір отынмен қамтуға мүмкіндік береді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Қуат көздерін арттыру үшін инфрақұрылымды жаңғыртуды және газды барлау мен қайта өңдеуге инвестицияларды тартуды жеделдету керек. Үкіметке азаматтарды газбен жабдықтау мәселесіне қатысты көптеген арыз-шағымдар келіп түсуде. Тиісті мекемелер бірінші кезекте халыққа сапалы қызмет көрсетуге жұмылдырылуы қажет. Туындаған проблемаларды дереу шешу керек.
Сондай-ақ Қазақстан көрші елдермен газ транзитін арттырмақ. Қазір Ресей газы жеріміз арқылы Өзбекстанға тасымалданады. Енді Қырғызстанға да жеткізу мәселесі пысықталып жатыр. Ал биыл елімізде газ өндіру көлемі 3% артып, 60 миллиард 500 миллион текше метрге жетеді. Тапшылыққа жол бермей, экспорттық әлеуетті арттыру үшін 2030 жылға дейін көгілдір отынды өңдейтін төрт зауыт салу жоспарланған. Олар Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының шикізаты негізінде жұмыс істемек. Қазір кәсіпорынның бірін тұрғызу үшін қатарлық инвестормен келісім жасалған.
Досжан Маратұлы