Ауылда бұқаралық спорт дамып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауылда бұқаралық спорт дамып келеді

10.07.2024

Қостанай облысы Амангелді ауданындағы Қарасу ауылының тұрғындары өз қаржыларына футбол алаңы мен хоккей кортын тұрғызды. Биыл волейбол алаңын салып, әр жылғы түлектер арасында турнир өткізді. Президент Жолдауында бұқаралық спортты насихаттау, спорт нысандарының көпшілікке қолжетімділігін қамтамасыз ету туралы айтқан еді.

2017 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан түлектер турнирі, биыл жаңа алаңда өтеді. Спорт нысанының құны 10 млн теңге. Қаржыны жергілікті тұрғындар мен әртарапта жүрген ауыл перзенттері жинаған. Алаңға өмірден өткен ауыл ұстазы Ғалымжан Махатовтың есімі берілді.

Кәрімжан Махатов, Ғ.Махатовтың бауыры:

Өте жылдам. Тез сөйлейтін еді. Балаларға шамалы қатаңдау болды. Бірақ біздің балалар аудандық жарыстарда бірінші орынды бермейтін.

Жарысқа ауыл мектебінің әр жылғы түлектерінен жасақталған 18 команда қатысты. Олардың дені Ғалымжан Махатовтың шәкірттері. Бүгінгі шара бар ғұмырын ауыл балаларын спортқа баулуға арнаған ұстаз ісінің жалғасы іспетті.

Бақытбек Абатов, Қарасу ауылының тумасы:

Спортқа деген құлшынысымызды, махаббатымызды оятқан кісі. Мектепте жүргенде біз ауданда бірінші орынды бермейтінбіз. Тіпті облыста да бірінші орын алған кезіміз болды. Бәрі сол кісінің еңбегі.

Ауылда дәстүрлі түрде өтетін сайыс көпшіліктің спортқа ден қоюына себепші болып отыр. Әр тарапта жүрген түлектер «Осы турнирді жыл бойы асыға күтеміз»,-дейді.

Нұрбол Қапешов, Қарасу ауылының тумасы:

Қыс бойы Астанада дайындалдық. Аптасына 2 рет. Жалғыз біз емес, басқа командалар да. Қыс бойы Астанада 2-3 жарыс өткіздік. Соның бәрі осы турнирге дайындық.

Бүгінде Қарасудың жеткіншектері де спортта үздіктер сапында. Аудандық жарыстарды жүлделі орындар иеленіп жүр. Бір оқушы былтыр Португалияда балалар арасында өткен футбол додасына қатысып қайтқан. Жергілікті жұрт мұны мыңға жуық қана тұрғыны бар кішкентай ауылдың үлкен жетістігі деп есептейді.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу