Қостанай облысында су шайған жолдар қалпына келтіріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында су шайған жолдар қалпына келтіріліп жатыр

08.07.2024

КҮНІ: 08. 07. 2024.

Автор: Дәуренбек Әбдібек Таспагер: Қыдырәлі Ахметбеков

Геотитр: ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ

Тақыры

Жүргізуші: Қостанай облысының Амангелді ауданында көктемгі тасқын бес бағыттағы жолды бұзып, көлік қозғалысын қиындатқан еді. Кейбір елді-мекендермен апталап қатынас үзілген. Қазір жолдардың басым бөлігі жөнделіп, барлық ауылдармен қатынас орнады. Қалпына келтіру жұмыстары қалай жүріп жатқаны жайлы келесі бейнематериалда.

Стендап: Дәуренбек Әбдібек Тілші

Мына жатқан осыдан екі жыл бұрын 530 млн теңгеге Амангелді мен Үрпектің арасына төселген асфальттің бір бөлшегі. Тасқын су шайып әкетіп осылай далаға шығарып тастаған. Алапат ағын асфальтты ғана емес, 16 шақырым көтерме жолдың 12 шақырымын шайып жоқ қылған. Қазір қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр.

Интершу: Техника жұмысы.

Мәтін: Жол бұзылғанда Үрпектің жұрты екі аптадан артық уақыт қайықпен қатынады. Судың екпіні қайтқасын жергілікті шаруашылықтар өз күшімен уақытша өткелдер салған. Ал бір ай бұрын мердігер компания жолды қалпына келтіру жұмыстарын бастады.

СНХ: Ахметбек Қанафин - Үрпек ауылының тұрғыны

Қазір істеп жатыр. Қатынас бар. Тегістеп, тас төсейді дейді. Асфальт келесі жылы болады дейді. Биыл төсесе әрине, жақсы болар еді.

Мәтін: Алайда аудан басшылары «Биыл тек 450 млн теңгеге шайылып кеткен көтерме жол қайта үйіліп, үстіне қиыршық тас төселеді»,- дейді. Суағар құбырлар салынады. Содан соң сараптама жасалып барып, асфальт төсеу жұмысының жобасы дайындалады. Мұнан бөлек Үрпек-Қабырға бағытында су шайған 22 шақырым жол қалпына келтірілді. Тасты, Байғабыл ауылдарының кіреберістері жөнделді.

СНХ: Малшыбай Қаласов Амангелді ауданы әкімінің орынбасары

Содан кейін Степняк ауылында суағар құбырларына зақым келді. Оған да суағар құбырларын орнатып, жолды дұрыстап көтеріп, қиыршық тас төсеуге сараптама жасалып, ЖСҚ дайындалды. Енді қаражат сұратып жатырмыз.

Мәтін: Сөйтіп биыл Амангелді ауданында су бұзған жолдар толық қалпына келтірілуі тиіс. Жалпы облыс бойынша 1200 шақырым жол жөнделеді. Бұл мақсатқа бюджеттен 36 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

Дәуренбек Әбдібек Қыдырәлі Ахметбеков ҚҰА Қостанай облысы.


Хабарламаларға жазылу