Балқаш әуежайына күрделі жөндеу басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балқаш әуежайына күрделі жөндеу басталды

02.07.2024

Балқашқа жыл сайын 90 мыңнан астам турист келеді. Осы уақытқа дейін жол ұзақтығы әбден әбігерге салса енді әуе қатынасын жақсарту қолға алынған. Күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айында басталды. Жыл соңына дейін негізгі ғимараты, қосымша нысандар, ұшу алаңы күрделі жөндеуден өтеді. Жоба құны 3 миллиард теңгеден астам.

Мырза Нұрсекеев, Жоба жетекшісі:

Ұшу жолағы мен перон аумағы белгіленді. Қазір бетон төсеп жатырмыз. Жұмысқа 40 техника мен 80 адам жұмылдырылды. Барлығы кестеге сай жүріп жатыр.

Құрылыс жұмыстары біткен соң жаңа бағыттар бойынша әуе рейстері ашылады. Қазір аптасына 4 мәрте Алматы-Балқаш-Астана бағыты бойынша ғана ұшақ қатынайды. Соңғы 3 жылда қалаға келетін туристер саны 30 пайызға көбейген. Мамандар биыл да шамамен 100 мың адам келеді, деп болжады.

Мейрамбек Мырзахметов, Балқаш әуежайының басшысы:

Жылдың аяғына дейін 18 мың жолаушы ұшатын болса, келесі жылы осы күрделі жөндеу өткізілген соң 60 мыңға дейін жолаушыларды тасымалдаймыз. Көп бағыттар ашылады. Субсидияланған рейстер қосылады.

Балқаш әуежайының инфрақұрылымын жаңарту қала мен туристік аймақты дамытуға мүмкіндік береді. Бұл әуежай 1967 жылы салынған. Онда жөндеу жұмысы тек 2007 жылы жүргізілген.

Жандос Бақытұлы

Хабарламаларға жазылу