Экологиялық мәдениетті көтеру мақсатында еліміздің барлық өңірінде «Таза Қазақстан» акциясы жалғасуда. Жалпыұлттық экологиялық шара басталғалы Жамбыл облысында 330 мыңнан аса адам арнайы ұйымдастырылған жұмыстарға белсене қатысып, 12 мың тоннаға жуық қоқыс шығарған. Жалпыұлттық экологиялық акцияға «Аmаnаt» партиясының өкілдері де үлес қосуда.
Партияның бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза бейсенбі» шарасында Жамбыл облысындағы Қарасу каналының 20 шақырымы қоқыстан тазартылып, 300 тоннадан аса күл-қоқыс жиналған.
Ерғали Омаров, «Amanat» партиясының инспекторы:
Әр апта сайын, әр бейсенбі сайын бұл акцияға партия белсенділері, Аманат партиясының өкілдері, соның ішіндегі мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымының өкілдері, жалпы жастар партия белсенділері түгел атсалысуда. Барлық Жамбыл облысының тұрғындарын соның ішінде қала тұрғындарын, қала тұрғыны ретінде «Таза Қазақстан» акциясына, Мемлекет басшысының бастаған акциясын қолдауға шақырамын.
«Аmаnаt» партиясының Алматы облысы Қарасай ауданындағы мүшелері мен ерікті жастардан құралған бір топ азамат ауданның лас аймақтарын анықтап, оларды тазарту жұмыстары үшін арнайы жоспар құрып алған. «Табиғатты аялайық» деген ұранмен басталған жұмыстары нәтижелі жүруде.
Қаныбек Айтжанов, «Amanat» партиясы Қарасай аудандық филиалының төрағасы:
Президенттің бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы елімізде толық жүріп отыр. Осыған байланысты бізде өзіміздің үлесімізді қоса келе барша өзіміздің жерлестерімізді үлкен демей, кіші демей баршаңызды елімізді таза ұстауға табиғатты аялауға, эко-мәдениетті қалыптастыруға шақырамын.
Акция аясында шығысқазақстандықтар Бұқтырма су қоймасының жағалауын қоқыстан тазартты. Тасқын кезінде су қоймасына бұлақ ағыны әкелген тастар мен бұтақтар жағалауға үйіліп қалған. Шараға атсалысқан партия және ақсақалдар кеңесінің мүшелері, еріктілер мен ауыл тұрғындары жағалауды тап-таза қалыпқа келтірді.
Аманбай Нұркенов, «Amanat» партиясы ШҚО филиалы атқарушы хатшысының орынбасары:
Өздеріңіз білесіздер, біздің облыс еліміздің ең көрікті аймақтарының бірі. Аймақта туристік кластерді дамытуға өте қолайлы, өйткені біздің өңірдің табиғаты тамаша. Ұрпақ болашағы үшін, аймақтағы туризмді дамыту үшін қорғауға тиісті көлдер мен өзендер көп.
Экологиялық акцияға қатысқан әрбір тұрғын еңбектің жемісін көріп, қуаныштарын жасырмады. Нәтижесінде бұрын қараусыз қалған бақтардың қазір өңі кіріп, серуен құратындардың қатары көбейген.
Ғабит Ұзақбай