Ресейдің Алтай өңірінде Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдің Алтай өңірінде Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды

17.06.2024

Ресейдің Алтай өңірінде Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды. Бұл өңірмен ынтымақтастық әлеуеті жоғары дейді еліміздің Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев.Түрлі салада әріптестікті тереңдетіп, алыс-берісті арттыру басты мақсат. Толығырақ тілшіміз тарқатады.

Қазақстан мен Алтай өңірі барлық салада ынтымақтастықты бекіте түсуге мүдделі. Екі тараптың өзара байланысын арттыруға енді еліміздің Барнаулдағы консулдығы да күш салмақ. Бұл-Ресейдегі осымен оныншы құрметті консулдық.

Дәурен Абаев, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті Елшісі:

Бізге бұл үлкен үлес қосады деп біз сенеміз. Құрметті консулдықтың басты жұмысы-екі ел арасындағы экономикалық, ғылыми, білім және мәдениет саласында қызмет атқару, екі елді жақындастыру. Алтай өңірі біз үшін өте маңызды өңір, өйткені бұл жерде 2000-ға жуық студенттеріміз оқиды. Одан басқа бұл жерде қандастарымыз тұрады. Одан басқа 500 миллион АҚШ долларына жуық біздің тауар айналымымыз бар.

Еліміз бұл өңірдің сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орында. Бес жыл ішінде тек ауылшаруашылық шикізаты мен азық түлік экспорты шамамен 6 есе өсті. Сан салалы ортақ жобалар бар.

Виктор Томенко, Алтай өлкесінің губернаторы:

Барлық салада әріптестік деңгейі жоғары. Алтай Қазақстанмен шекаралас өңір, шекара ұзындығы 840 шақырым. Үш облыспен шектесеміз. Үш өңіраралық келісіміз бар.

Әріптестіктің көкжиегін кеңейту үшін білім саласының да маңызы зор. Қазақстан мен Алтай өлкесінің білім беру ұйымдары арасында 30-ға жуық келісім бар. Жұмыс сапары барысында Дәурен Абаев өңірдегі белді жоғары оқу орындарына ат басын бұрды. Университеттердің басшыларымен байланысты нығайту жолдарын талқылап, студенттермен де кездесті.

Роман Райкин, жоғары оқу орнының проректоры:

Біз үшін ең бастысы-ғылым, білім және технология саласындағы Қазақстанның мықты университеттерімен ынтымақтастық. Ортақ көптеген білім беру жобалары бар. Биологиялық әртүрлілікті зерттеу және сақтау, жерді пайдаланудың тиімді технологиялары сияқты салаларда ғылыми бірлескен ғылыми жұмыстар жүзеге асып жатыр. Бүгінгі күні шығыстану кафедрасында түрлі тілдер оқытылып жатыр. Менің ойымша, әріптестердің көмегімен оқу орнында қазақ тілі кәсіби түрде оқытылуы мүмкін. Оған барлық мүмкіндік бар.

Өңірде 5 мыңнан астам қазақ қоныс тепкен. Қандастармен кездесу барысында да қазақ тілін оқыту, гуманитарлық жобаларды жүзеге асыру сияқты өзекті мәселелер назардан тыс қалған жоқ. Қазақстан өзге жерде жүрген қандастарымызды өзектен теппей, әрқашан қолдау көрсетуге дайын.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу