Люксембургта Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды

13.05.2019

Люксембург үкіметі Қазақстанмен барлық салада ынтымақтастықты арттыруға мүдделі. Ел кәсіпкерлері де қазақ экономикасына қаржы құюға құлшынып отыр. Екі елдің өзара байланысын арттыруға енді Люксембургтағы Қазақстанның құрметті консулдығы күш салмақ. Консулдықтың ашылу рәсіміне Люксембургтың Премьер-министрі, үкімет мүшелері мен кәсіпкерлер қатысты.

Люксембург-экономикасы қуатты әлемдегі ең ауқатты мемлекеттердің бірі. 600 мың халық тұратын кішкентай ғана ел бізге көлік, электротехникалық құрал-жабдық, метал, пластмассадан жасалған бұйымдар мен тоқыма өнімдерін тасымалдап отыр.

Екі елдің тауарайналымы былтыр 6 млн. долларды құрады. Алыс-берісті арттыруға қос мемлекеттің елшіліктері қолдан келгенді жасап жатыр. Жаңадан ашылған Люксембургтағы Қазақстанның құрметті консулдығының міндеті де сол-әріптестіктің көкжиегін кеңейту.

Ксавье Беттель, Люксембург ұлы герцогтігінің премьер-министрі:

Біздің қатынасымыз жақсы. Мен өзім елдеріңізге екі рет сапарлап, Астана форумына қатыстым. Менің орынбасарым да Қазақстанға екі рет барды. Бүгінгі ашылған құрметті консулдық екі ел достығының дәлелі. Қарым-қатынасымыз сенім мен сыйластыққа құрылған. Ең маңыздысы осы деп ойлаймын.

Қазір Қазақстанда 36 біріккен кәсіпорын жұмыс істейді. Люксембург кәсіпкерлерін еліміздегі саяси тұрақтылық пен инвестициялық ахуалдың тиімділігі қызықтырады. «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына қатысу-қалталылар үшін таптырмас мүмкіндік.

Айгүл Құспан, ҚР Люксембургтағы елшісі:

Қазақстанның Люксембургтегі құрметті консулдығының ашылуы екіжақты ынтымақтастықтың маңызды кезеңі. Люксембург-Қазақстанның саяси және экономикалық маңызды әріптесі болып табылады. Құрметті консулдықтың арқасында екіжақты байланысымыз одан сайын дамып, нығая береді деп сенемін.

Бенедикт Соботка, ҚР Люксембургтегі құрметті консулы:

Қазақстанның Люксембургтегі құрметті консулы болу мен үшін үлкен құрмет әрі үлкен жауапкершілік. Екі ел арасындағы экономикалық, мәдени, адами қарым-қатынасты дамытуға арналған ауқымды жоспарымыз бар. Люксембург-халықаралық қаржы орталығы, әрі спутник пен ғарышты дамыту орталығы. Қазақстанда да ғарыш және жоғары технологияларды дамыту орталығы бар. Демек, инвестиция тарту, әріптестікті нығайтуда екі елдің әлеуеті жоғары.  

Құрметі консул Бенедикт Соботка Қазақстанмен танысқан 10 жыл ішінде елдің салт-дәстүр, әдет-ғұрпын зерттеп, халықтың қонақжайлылығына тәнті болыпты. Қазақтың мол мұрасын, жоғары мәдениетін енді ол Люксембург жұртшылығына кеңірек танытуды көздейді. 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу