Бельгияда Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды

22.04.2019

Елдің Фландрия аймағында орналасқан өкілдік Қазақстанның Бельгиядағы елшілігімен бірге екіжақты сауда-экономикалық, мәдени қатынасты нығайтуға күш салмақ. Ресми мекеменің ашылу салтанатына Бельгияның қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлері мен дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.

Бельгия Фландрия, Валлония аймағы және ел астанасы Брюссель болып үшке бөлінеді. Қазақстанның құрметті консулдығы сол Фландрия аймағының Розеларе қаласында ашылды. Мақсаты - екіжақты байланысты бекемдеп, Қазақстанға инвестиция тарту. Инвестиция демекші, екі ел арасындағы сауда айналымы былтыр 41 пайызға артып, 374 млн долларға жетті. Қазақстаннан Бельгияға экспорт көлемі де екі есеге ұлғайған. Тараптар мұнымен тоқтамақ емес.

Айгүл Құспан, ҚР Бельгиядағы елшісі, ҚР Еуропалық Одақ пен НАТО-дағы өкілдігінің басшысы:

- Қазақстан зығыр көп өсіреді. Ең басты сатып алушы - осы Бельгия, Фландрия. Өйткені бұлар оны өңдейді, май шығарады одан, мата шығарады. Қазіргі елшіліктердің басты мақсаты - елімізге инвестицияны тарту. Сондай-ақ, біздің экспортымызды мұнда жалғастыру. Осыған бізге үлкен серік болатын біздің құрметті консулдар.

Қазақстанның Фландриядағы құрметті консулы болып Джозеф Лебон тағайындалды. «Қаным бельгиялық болса да, жаным қазақ»,-деп ағынан жарылған жас кәсіпкер Қазақстанға сегіз рет сапарлап, халықтың қонақжайлылығына, мәдениетіне тәнті болыпты. Сол көрген-білгенін, көкейге түйгенін енді іс жүзіне асырмақ.

Джозеф Лебон, Қазақстанның құрметті консулы:

- Мұндай жауапты қызметті атқару - мен үшін үлкен құрмет, әрі үлкен мәртебе. Мен барлық білімім мен тәжірибемді сарп етіп, қолымнан келгенше екі елдің мәдени, экономикалық қатынасын нығайтуға күш саламын. Қазірдің өзінде 70-тен астам кәсіпкер Қазақстанның транспорт, логистика, ауыл шаруашылығы саласына қаржы құюға қызығушылық білдіріп отыр.

Консулдықтың ашылу құрметіне орай еліміздің өнерлі жастары да ән мен жырдан шашу шашты. Вена консерваториясында оқитын талантты скрипкашылардың, кішкентай Саида мен Темірланның өнері көпшілікті тәнті етті.

Қазақтың мәдениетімен, өркениетімен етене танысу үшін бельгиялық кәсіпкерлер 9 маусымда елордаға аттанбақ. Қалталылар сол сапарда нақты жобаларды бекітуден үмітті.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу