Балам босанған кезде травма алған. Диагнозі гипертенез. ДЦП. Балалар сал ауруы. Интеллект ақыл-ойы өте жоғары.
Ғазизаның кенжесі Бақытжан биыл мектеп бітіреді.
Ғазиза Тәжімбетова, Астана қаласының тұрғыны:
Балам ақылды. ҰБТ-дан алған балына қарай IT мамандығына тапсырсақ деп отырмыз. Оқуға ынтасы деген өте жоғары. Халықпен араласуға бейім, үйде отырғысы келмейді. Сабақтан да бір күн қалғысы келмейді.
Бала да, ана да жоғары оқу орнының грантынан дәмелі. Әйтпесе...
Ғазиза Тәжімбетова, Астана қаласының тұрғыны:
Ақылы оқуға оқыта алатын мүмкіндігім жоқ. Жалғыз өзім тәрбиелеп отырмын. Уайымдаймын баламды. Ортада көп жүрмеген бала болғандықтан қысылуы мүмкін ҰБТ-дан.
Таңсәуле Серіков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бүгінгі таңда 1 пайыздық грант бөлінген. Бірақ ол тек 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар азаматтарға. Екінші мәселе – ол тек педагогикалық және гуманитарлық мамандықтарға арналған.
Сондықтан депутат грант санын 2 пайызға ұлғайтып, үшінші топтағы мүгедектігі бар жандарды да қосу керек дейді. Себебі Қазақстанда 725 мың мүгедектігі бар азамат тіркелген болса, оның 65 пайызы – жастар. Ал 109 мыңы – 18 жасқа дейінгі балалар.
Таңсәуле Серіков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
2020-2021 жылға дейін бұл 1 пайыздық грант толық игерілмеген. Неге? Бұл жерде баратын балалар жоқ емес. Тиісті профариентациялық жұмыстар жүргізілмегеннен, бірінші, екінші білім бағдарламасы бейімделмегеннен.
Таңсәуле Серіков осындай жағдайды өз басынан өткергеннен кейін жақсы түсінеді.
Таңсәуле Серіков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мен докторлық диссертациямды мүгедек бола тұра қорғаған адаммын. Профессорлық атымды да алғам мүгедек кезімде. Жүзден астам ғылыми жұмыстарым бар. Ертең ол балалар өседі. Өзінің аузындағы сөзін, ойын ашық айту үшін ол балалар білімді болуы керек. Оның ішінде жоғары білімі болуы керек.
Биыл жоғары білім аламын деген барлық түлек үшін бакалавариатқа 79 мың грант бөлінген. Бұдан 10 жыл бұрын 31 мың болыпты. Бірақ түлектер саны да артқан. 2014 жылы 149 мың бала мектеп бітірсе, биыл 186 мың. Басымдық инженерлік салаға берілген. 60 пайыз грант осында. Одан соң 20 пайыз педагогикалық мамандықтарға бөлінген. Биылдың бір жаңалығы мынадай.
Жанна Есенбаева, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитетітөрағасының орынбасары:
Пилоттық жоба ретінде сараланған гранттар жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Арнайы осы жобаға 300 грант қарастырылды биыл. Негізгі конкурс бойынша грантқа ие бола алмаған, бірақ ҰБТ нәтижесі бойынша өте жоғары көрсеткіштерге ие талапкерлерімізге көмек көрсету мақсатында 50 пайызын төлеуге қолдау көрсетіп отыр. Яғни, 500 мың теңгенің көлемінде мемлекет төлейді, қалған 500 мыңы өзінің қаражаты есебінен немесе жеңілдетілген білім беру несиесін алу арқылы төлеуге болады. Пайыздық ешқандай қосылмайды, тек белгілі бір мерзімге созылып беріледі.
Биылғы су тасқынынан соң су мамандарын даярлау мәселесі күн тәртібіне енген еді. Бірақ бұл мамандыққа бөлінген грант санында аса айырмашылық жоқ. Оның себебі сәлден соң.
Ал су мамандарын дайындайтын бөлек институт келесі жылдан бастап құрылуы мүмкін. Жоспар – Тараздағы кезіндегі Гидромелиорация институтын қайта түлету. Министрлік алдағы бір-екі ай көлемінде нақтысын айтамыз деп отыр.
Жанна Есенбаева, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті төрағасының орынбасары:
Конкурс кезінде сұранысы көп және сұранысы аз мамандықтар болып бөлінеді. Сұранысы көп мамандықтырға педагогика, медицина, ақпараттық коммуникациялық технологиялар. Ал сұранысы аз ауылшаруашылығы, балық шаруашылығы, орман шаруашылығы деп ішінде бөліне береді.
Елдос Есенбол:
Былтыр 274 грант бөлінді. Бірақ соның 77-сі ғана игерілді. Биыл 328 грант бөлінсе, соның 90-ы ғана игеріліп отыр.
Су маманы, профессор Ермекгүл Жаппарқұлованың сөзінше, су мамандарын даярлауда мәселе грант санында емес. Грант бөлінудей-ақ бөлінеді. Тіпті, биылдан бастап ұлттық аграрлық университетке түсу үшін шекті балды 50-ге дейін төмендеткен.
Ермекгүл Жаппарқұлова, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің кафедра меңгерушісі, профессор:
Өзіміздің ветериния саласын алсақ, «Дипломмен ауылға» деген бағдарламаға кірді. Ал біздің су шаруашылығы ондай бағдарламаға кірмей қалды. Балаларға деген стимул жоқ. Тағы бір себеп – өте төмен жалақы. Оның жалақысы 60-ақ мың дейді. Ондай жалақыға кім жұмыс жасайды? Мысалы, былтыр өртке байланысты орманшылардың жалақысы 2 есеге дейін көбейді деді де. Сондықтан биыл 500-ден аса бала түсті бізге оқуға.
Білім саласының сарапшылары жоғары оқу орнына дейінгі насихат жұмыстарының да ақсап тұрғанын айтады.
Аятжан Ахметжан, қосымша білім беру орталығының басшысы:
Мынау тұрған Алматыдағы университеттер Алматының мектептерін араламайды. Ал Ресейдің университеттері анау тұрған Омск, Томск, Орынбар, Мәскеудің, Қазақстанның анау Жетісай, Аралдың мектептерін аралап жүреді мамандықтарын насихаттап. Бұл мәселемен ЖОО айналысу керек. Ол үшін оларда студент тартуға деген қызығушылық болуы керек.
Ал бөлінген білім гранттары игерілмей қалмау үшін тізімді ертерек жариялаған абзал, дейді маман.
Аятжан Ахметжан, қосымша білім беру орталығының басшысы:
Білім беру грантының дәл оқу жылының соңында жариялануы қателік деп ойлаймын өз басым. Себебі оқушы таңдау пәнін таңдап қойды, ұмтылатын мамандығына ұмтылып қойды. Негізі әр жылғы грант оқу жылы басталмай тұрып тамыз айында шығуы керек. Сол кезде 11-сыныпқа баратын болса, өзінің бағытын нақты айқындап барады.
Еуропада бала 6 жасында мектепке барып, 19 жасында студент атанады. 12-13 жылдық білім беру ордаларында баланың еркін ойлауына, тұлға болып қалыптасуына жіті мән беріледі. Жоғарғы сыныптағы соңғы 3 жылда оқушылар болашақ мамандығын таңдап, соның қыр-сырын игереді.
Ангес Лойд, Брюссель қаласының тұрғыны:
Жоғарғы сыныпта болашақ таңдайтын мамандығыңа байланысты сол пәндерді тереңдетіп оқытады. Мәселен, мен тарих, физика, математиканы таңдап, сол бағытта білімімді жетілдірдім. Сосын тарих факультетіне қиналмай оқуға түстім. Негізінен, мұнда оқу ақылы. Ұлыбританияда білім грантын ұтып алуға болады. Бірақ ол үшін сен өте ақылды, дарын иесі болуың қажет. Грантты жайдан-жай тарата бермейді.
Мүмкін бізге де инженер, гидролог сынды, тағысын тағы нарық сусап тұрған мамандарды университеттен емес, мектептен іздегеніміз дұрыс шығар? Әйтпесе өзі көрмеген, естімеген, білмейтін мамандығыңа түсіріп, «грант бердім, нәтиже қане?» деу де артық секілді.
Баланың да, ананың да арманы адастырмасын дейміз. Олар бірақ гидротехник немесе сейсмолог болуды армандайды деп айта алмаймыз. Басты себеп – айлығы аз. Тездетіп дайындамаса болмайды деп тапсырма берілген су шаруашылығы, климат өзгеруі және жер сілкіну мәселелерімен айналысатын мамандарды тездетіп дайындауға дайындық та аса байқалмайды…
Елдос Есенбол