Педагогтер, ғалымдар мен ғылыми қызметкерлер үшін жағымды жаңалық. Енді ай сайын төленетін қосымша ақы мөлшері өседі. Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды. Бұл құжат педагогтер мен ғылыми қызметкерлердің материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған.
Белгілі бір ғылыми дәрежесі мен атағы бар педагогтер үшін ай сайын төленетін қосымша ақы мөлшері ұлғайтылды. Мәселен, философия докторы /PhD/, бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі және қауымдастырылған профессор доцент атағы үшін төленетін қосымша ақы - 25 АЕК /92 300 теңге/ .
Ал ғылым докторы және доцент ғылыми атағы үшін 42 АЕК /155 064 теңге/, философия докторы /PhD/, бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты, ғылым докторы дәрежесі және профессор ғылыми атағы үшін 50 АЕК /184 600 теңге/ мөлшерінде қосымша ақы төленеді.
Ғылыми дәрежелері мен атақтары үшін ай сайынғы қосымша ақы негізгі жұмыс орнында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін ғылыми қызметкерлерге де белгіленді. Бұл ғалымдарға үлкен серпіліс береді дейді осы салада жүрген мамандар.
Сейітхан Азат, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессоры, PHD:
Кешегі пандемия кезінде де санаулы елдердің қатарында болдық біз вакцина жасай алған. Сондай ғылыми топтардың барлығы бізді қуантады.Сондықтан мен ойлаймын, бұл кешегі жарлық ғылыми қауымдастыққа үлкен көңілдеріне қуаныш ұялатады, ғылыммен белсенді әрі сапалы айналысу үшін үлкен мүмкіндіктер ашады деп ойлаймын.
40 жасқа толмаған дарынды жас ғалымдарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының жеке қорынан стипендия алу құқығы берілді. Ғылым саласында жүрген мамандарға шығармашылық демалыс берілуі де құптарлық бастама дейді оқытушылар.
Ғалымжан Керімбек, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры:
Мысалы, мен 10 жыл жұмыс істеп творчествалық еңбек демалысын алатын болсам бір жылдан кейін менен сұраныс болу керек. Мен сол бір жылдың ішінде қоғамға қажетті еңбек, кітап жазып шығуым керек. Еңбек демалысын алғаннан кейін ол кітапханада отырып, ғылыммен айналысып, ана ғалым мен мына ғалымның пікірін әкеліп, сәйкестендіріп, содан бір мемлекетке, қоғамға бір пайдалы еңбек жасауы мүмкін.
Түзетулердің екінші блогына сәйкес әскери қызметшілердің жоғары оқу орындарында оқуы үшін білім беру гранттарына квоталар енгізілді. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарға ғылым мен ғылыми-техникалық қызметті дамыту үшін бірқатар өкілеттік беріледі.
Қуан Нұрақын