Астанадағы сот отырыстарының 70 пайызы орыс тілінде өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадағы сот отырыстарының 70 пайызы орыс тілінде өтеді

05.05.2024

Сот төрелігін мемлекеттік тілде жүзеге асыру бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырылыпты, содан бірер ақпар: Астанадағы сот отырыстарының 70 пайызы орыс тілінде өтеді екен. Бөліп айтсақ, азаматтық істердың 11 пайызы, қылмыстық істердің 26 пайызы қазақ тілінде өтеді. Қай тілде өткізуді сотталушы сұрайды. 

Сот отырыстарын мемлекеттік тілде өткізу сотталушының таңдап-таңдамауына байланысты дегенмен басқа қандай мәселе бар? Заң қазақ тілінде жазылуы тиіс. Заң терминдерінде қате көп. Астанада заң терминологиясына арналған республикалық әдістемелік семинар да өткен, соған қатысушылар айтып отыр. Мәселенің көбесін сөгу үшін барлық маманға ортақ, бекітілген терминдердің нормативтік сөздігі болуы керек.

Заңдардың бірден қазақ тілінде жазыла қалмайтынын білеміз. Яғни аударма мәселесі бар. Қарапайым мысал: Бишімбаев соты кезінде бекітілген аудармашының қарапайым сөйлемдерді дәл аудармаған кездері болды. Тіпті қате аударған тұсы бар. Бұл енді «осындай да бола ма екен?» деп түксиетін, сосын күрсінетін сәт. 

 Елдос Есенбол, Тілші:

Астана халқының 81% қазақ ұлтының өкілі. Ал енді мына сандарға назар аударыңызшы. Былтыр 2729 қылмыстық іс сотқа түссе, соның тек 700-інде яғни 26% сот отырысы қазақ тілінде өткен. Ал, әкімшілік құқық бұзу бойынша 55 мыңнан астам іс түссе оның 34% мемлекеттік тіл таңдалған. Сот отырысының қай тілде өтетінін сотталушының өзі таңдайды, бірақ...

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

2019 жылы республикалық Антикор жүргізген қылмыстық іс... Ислам Әбішов деген азаматты пара алуға оқталды деген айыппен сотқа береді. Тергеу тобының жетекшісі Бахитов деген азамат бір ауыз қазақша білмейді мен келсем істі орысша бастап қойған. Әбішовтен сұраймын: «Сіз неге келісім бердіңіз өзіңіз қазақ тілінде қалап тұрсаңыз?» деп. «Орысша білесің бе? деді. Білем деп едім мына қағазға қол қойды деді. Қол қойып жіберіп едім енді істі қазақша жүргізбеймін деп отыр» деп.

Елдос Есенбол, Тілші:

Тергеушілер ғана емес, адвокаттардың да өзіне «қолайлы» тілді таңдайтынын Астана қалалық сотынан білдік. Және соған қорғауындағы азаматты да көндіретіндері бар екен. Мысалы былтыр А. есімді азамат қылмыстық іс бойынша «орыс тілінде жауап беремін» деп алып, жауап алу кезінде қағазға жазып алғанын оқып қана тұрған. Ал прокурор мен сот сұрақ қоя бастағанда, өз ойын орыс тілінде жеткізе алмай, қазақ тілінде сөйлеп, кейіннен істі қазақ тілінде жүргізуді сұраған.

Әмір Досжан, ҚР Жоғары Сотының Судьясы:

Бізге заң талап қойып отыр. 30 бап: ҚР Қылмыстық істер мемлекеттік тілде жүргізіледі дейді. 738 бап айтады Әкімшілік құқықбұзушылық: ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық қазақ тілінде жүргізіледі дейді. Содан кейін барып қажет болғанда, мүмкіндігінше кете береді. Ол қаулы шығару керек. Мемлекеттік тілден шет тілге ауысу үшін.

Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Қолданылу аясы өзіміз жақсы білеміз ғой, действие закона деген кезде үш-ақ өлшемде ұстаймыз. Біреуі кеңістігіне байланысты, біреуі адамға байланысты, біреуі таралуына байланысты. Міне кеңістігі әрқашан аясын үлкен, кең аламыз. Одан кейін оны қолданып отырған азаматтар оның аясын тарылтып отыр.

Елдос Есенбол, Тілші:

Негізі, сот отырысы қай тілде өтсе де сотталушы аудармашының көмегіне жүгіне алады. Оған мысал ретінде қазір өтіп жатқан Бишімбаев ісіндегі Байжановты айтуға болады. Бақытжан Байжанов өзінің қазақ тілінде сөйлейтінін айтып аудармашы сұраған. 

Камал Әлпейісова, Филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, аудармашы:

Мынау сөз, ана жақтан адам сөйлеп тұр. Кейде оқып тұр зырылдатып. Оны сен тыңдауың керек, оны миыңда аударуың керек. Оны сен сөйлеп жеткізуің керек. Үш жұмысты бірдей атқаруың керек.Ол ана жерде креслода отырып тыңдап мен жақсы аударар едім дегендер ондайды білмейді.

25 жыл Парламентте аудармашы болып еңбек еткен, ілеспе аудармашылардың бірнеше буынын тәрбиелеген Камал Әлпейісова біздегі бұл мектептің әлі де болса ақсап тұрғанын айтады.

Камал Әлпейісова, Филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, аудармашы:

Мысалы Абылай хан университетіне мен барып көрдім ілеспе аудармашыларды қалай дайындайтынын. Барып көрулеріңізге болады.Қазақша орысша ілеспе аударма мамандарын дайындайтын факультетте ілеспе аудармашы жоқ. Қазақ мектебіне орыс тілінен сабақ беретін, орыс мектебіне қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдер сабақ беріп отыр. Ілеспе аударма жасап көрмеген, микрофон алдында отырмаған адам былай жасау керек деп қалай үйретеді?

Елдос Есенбол, Тілші:

Бірақ, ілеспе аударма тек айсбергтің бергі жағы. Тәуелсіздік алғалы тек екі-ақ заң «Халықтың көші-қоны туралы», екіншісі – «Бала құқықтары туралы» заңдар қазақ тілінде жазылған. Яғни қалғанының барлығы әуелі орыс тілінде жазылып, одан қазақ тіліне аударылған. Міне, осыдан негізі мәселе шығатындай.

Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

Заңды талқылаған кезде қазақ тілді мамандар заңның мәнін ұмытып кетеміз. Мысалы приостонавлиение дегенді тоқтату тұру дейміз, жоқ кідірте тұру дейміз әр қазақ өзінің тілін айтып отырады. Сол кезде нені кідіртейін деп отырғанымызды ұмытып кетеміз, нені тоқтатайын деп жатқанымызды ұмытып кетеміз.

Нұрзада Примашев, Заңнама және құқықтық ақпарат институты лингвистика орталығының басшысы, заң ғылымдарының кандидаты, доцент:

Орысшада поставщик дейді. Қазақшада біз оны өнім беруші дейміз, қызмет көрсетуші дейміз де, жеткізуші дейміз де. Сондықтан мән мәтінге қарай бір терминнің өзі ауытқып, былайша айтқанда ойнап отырады.

Камал Әлпейісова, Филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, аудармашы:

Шұбалаңқы екені рас, орысша осылай, орысша болуы керек деп осыған дәлме-дәл болуы керек деген талап болған. Ұзақ сөйлемді бөлу, сындыру дейді ғой. Сондай дегенде жол берілмейтін. Қазір қалай екенін білмеймін.

Қазір қалай екенін білмекке Мәжілістің редакциялау және сараптау бөліміне хабарластық. Бірақ ондағы қызметкерлер жұмыс кестесінің тығыздығын айтып, сұхбат бере алмаймыз деді. Ал депутаттардың уәжіне қарасақ әлі де өзгере қоймаған ба дерсіз.

Камал Әлпейісова, Филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, аудармашы:

Бізде мерзім бар. Мына заңды осындай уақытта қабылдау керек. Президентітң жолдауы болады, ол Үкімет тапсырма береді. Жиырма заң қабылдануы керек. Әкеледі. Ал ол заңды орыс тілінде жарты жыл дайындауы мүмкін, қазақ тіліне бір апта беруі мүмкін. Сосын сапа қайдан болады?

Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты :

Көлгінов мырза жауап берген болатын. Енді заң қазақ тілінде жазылуы міндетті деген норманы кіргіземіз деп. 24 жылдан бастап заң қазақ тілінде келе бастайды деген уәделер болған. Одан кейін Көлгінов мырза кетіп қалды. Енді қазір бізге айтып отыр қазақ тілінде заң жазу мүмкін емес.

Нұрзада Примашев, Заңнама және құқықтық ақпарат институты лингвистика орталығының басшысы, заң ғылымдарының кандидаты, доцент:

Жүз жиырмадай менің білуімше оқу орны бар заңгерлерді дайындайтын. Бірақ олардың барлығының да оқып жатқан бағдарламасы базасы бірдей яғни орыс тіліндегі бағдарлама. +09:34 Тек қана құқық саласы деп қатып қалмай мысалы құқық саласын, тіл саласын екеуін ұштастырып оқытатын болсақ кішкене болсын алға жылжу болады деп ойлаймын.

Камал Әлпейісова, Филология ғылымдарының кандидаты, жазушы, аудармашы:

Аудармашыларда ынталандыру жоқ. Мен мысалы 25 жыл Парламентте қызмет істедім. Сол жерде жазбаша аудармашы бола жүріп ілеспе аударманы қоса атқардық. Ол үшін мысалы ешкім ақы алған жоқ. Ол былай жалаң патриот болу оңай. Аудармашыларды дайындайтын мектеп жоқ бізде. Мысалы Мәскеуде жоғары аудармашылар курсы бар. Бізде де Жазушылар одағының қасынан болсын, Мемлекеттік қызмет академиясының қасынан болсын жоғары аудармашылар курсын ашсын.Содан кейін еңбек ет те, міндет ет деген бар.Сөйтіп оқытқаннан кейін талап етуге болады.

Елдос Есенбол, Тілші:

Иә, мәселенің барлығын аударманың шикілігіне болмаса заңгерлерге артып қоюға болмас. Мемлекеттік тілдің мәртебесі бұл ортақ міндет. Себебі «Адамның аузына бірнеше тіл сияды...» Ал, Өткен ғасырдың бірінші жартысында Сәкен Сейфуллин: «Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды» деген екен.

Елдос Есенбол


Хабарламаларға жазылу