Басты Жаңалықтар Ақтауда биыл тағы екі «Келешек мектеп» ашылады

Ақтауда биыл тағы екі «Келешек мектеп» ашылады

«Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында ашылған білім беру ұйымдарында оқушылар жұмысшы мамандықтарының негізін меңгере бастады. Өйткені бұл мектептердің еңбек кабинеттері кәсіп түрлерін оқытуға бағытталып, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

31 мектеп жыл басында пайдалануға берілді. 900 орындық заманауи білім беру ұйымында сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Пән кабинеттері соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Бірнеше спорт зал бар. Ал еңбекке баулу сабағы -  дизайн және технология, тамантану мәдениеті, біріктірілген кабинет пен арнайы шеберханада өтеді.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Келешек мектептерінде оқушылар қазірден жұмысшы мамандықтарына машықтануда. Ер балалар зергерлік, ағаш өңдеу, сәулет өнері сияқты кәсіпті үйренсе, қыз балалар тігін тігу, жүннен бұйымдар жасау мен аспаздықтың қыр-сырын меңгеріп жатыр.
Айзере Аманкелдіқызы, 9-сынып оқушысы:
Бұл бізде ас дайындау кабинеті. Бүгін біз бауырсақ пісіріп, дастархан жаюды үйреніп жатырмыз. Сондай-ақ осындай тағамдар дайындау арқылы қазіргі таңда көптеген адам өздерінің нанын тауып отыр. Біз де болашақта осындай тағамдармен кәсібімізді ашып, өзіміздің қызығушылығымызды арттырып, осылай өзіміздің сүйікті жұмысымызбен айналысқымыз келеді.
Тамақтану мәдениеті кабинетінде қыз балалар ас әзірлеумен қатар, тазалық сақтауды, дастархан басында өзін-өзі ұстауды үйренеді. Ал біріктірілген кабинетте балалар құмыра жасап, шыны мен матаға сурет салады.   
Әнел Шоқанқызы, 9-сынып оқушысы:
Қазір мен осы жүннің бетіне мына оюымды, талдырмамды басайын деп жатырмын. Ол үшін маған керегі сабын, су және осындай мата. Осы арқылы қазір біріктіремін. Маған бұл киіз басу өнерін ең бірінші осы дизайн және технология кабинетінде өзімнің мұғалімім үйретті. Мен осы жақын арада республикалық байқауға қатысып, жүлделі орын иелендім. 
Ер балаларға арналған шеберханаларда оқушылар металмен жұмыс істеп, ағаштан бұйымдар жасайды. Ал тігін кабинетінде болашақ қол өнер шеберлері тәрбиеленіп жатыр.
Гүлнұр Әбдіхалықова, көркем еңбек пәнінің мұғалімі:
Бұл – балаларға болашақ мамандықтарын таңдауға игі істің бастамасы. Балалар көркем еңбек сабағынан түрлі сәндік қолданбалы өнерлерді, ұмытылып бара жатқан киіз басу, жүн түту, ши орау сияқты өнерлерді меңгеріп жатыр. Біздің мектепте балалардың жұмыс жасауына барлық жағдай жасалған. Мұғалімдерге де мүмкіндік көп.
Аймақта «Келешек мектептері» жобасы аясында 9900 орындық оқушыға арналған 11 мектеп пайдалануға берілді. Жылдың соңына дейін Ақтау және Жаңаөзен қалаларында тағы екі мектеп ашылады.

Бөлісу