Еуропа елдері осыдан үш жыл бұрын болған алапат су тасқынының зардабын әлі күнге тартып отыр. Тұрғындарға мемлекеттен өтемақы толық төленбеген. «Жаһандық жылынудың кесірінен табиғи апаттар күшейе түседі»-деген климатологтар ЕуроОдақ басшыларына осы бастан қамдану қажеттігін айтып отыр. Бельгиялық ғалымдардың болжамынша, 2050-жылға қарай қарт құрлық елдерінің жартысы су астында қалуы мүмкін.
Бұл 2021 жылдың шілдесінде Батыс Еуропа елдерінде орын алған алапат су тасқыны кезінде түсірілген кадрлар. Германияның батысынан соққан «Бернд» циклонының кесірінен бір тәулікте екі айлық жауынның мөлшері жауып, бірнеше өзен арнасынан шықты. Салдарынан бүтін қалалар, теміржолдар мен көлік жолдары тас-талқан болды. Мыңдаған адам баспанасынан, бар жиған-тергенінен айырылды. Германия, Бельгия, Австрия, Италия, Румынияда су тасқынынан 300-ге жуық адам қаза тапты. Экономикалық шығын да шаш етектен. «Табиғи апаттардың күшеюіне-климаттың өзгеруі себеп»-дейді мамандар.
Фабиеэн Боссуйт, Бельгияның ГЕНТ университетінің орталық азия елдері бойынша жетекші сарапшысы:
Қазақстанның Батысы мен Солтүстігінің су тасқынынан зардап шеккенін бақылау бізге ауыр. Бұл-климаттың өзгеруі мен ғаламдық жылыну салдарының онан сайын күшейгенін көрсетеді. Еуропа, Орталық Азия елдері климаттың өзгеруінің салдарына төтеп беруге қауқарсыз. Бельгия тұрғындары да бірнеше жыл бұрын болған су тасқынының зардабын әлі күнге тартып отыр.
Су тасқыны, орман өрті, құрғақшылық соңғы жылдары қарт құрлық елдерін әбден әбігерге салды. Екі жыл бұрын шілдедегі аптап ыстықтан 60 мың адам көз жұмған. «Бұл-алда болатын үлкен апаттың басы, ескертуі ғана»-дейді бельгиялық климатолог.
Жан-Паскаль Ван Иперселе, Климаттың өзгеруі халықаралық сарапшылар тобының вице-президенті:
Арктикалық мұздақтардың еруі-дүниежүзілік мұхит температурасының өзгеруіне әкеліп соғады. Соның салдарынан, атмосферада су буының шоғырлануы ұлғайып, жауын-шашын көбейеді. Жаңбыр жиі жауған сайын теңіз, өзендер толып, сыртқа ағады. Сонда, қазіргіден де жойқын апат болады.
Иперселе бастаған сарапшылар тобы алдағы 30 жылда «Еуропа су тасқынынан көз ашпайды-деп отыр. Тіпті, 2050-жылы Лондон, Амстердам, Роттердам, Антверпен, Копенгаген қалалары жермен жексен болуы мүмкін деген болжам жасауда.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Батыс Еуропада биыл да күн құрғамай тұр. Жауын-шашынның көптігінен өзен-көлдер арнасынан шығып, Францияның елді-мекендері су тасқынымен алысуда. «Топан су бөгеттерді бұзып өте ме?»- деп бельгиялық мамандар да дабыл қағып отыр. Еуропалық қоршаған ортаны қорғау агенттігі әлемдік қауымдастықты климаттың өзгеруіне қарсы күресте күш біріктіруге шақырады.
Нұрсұлу Қасым