Қостанай облысында 179 адам эвакуация пункттерінде тұрып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында 179 адам эвакуация пункттерінде тұрып жатыр

18.04.2024

Қостанай облысында әлі 200-ге тарта адам эвакуация пункттерінде тұрып жатыр. Тасқын шырқау шегіне жеткен кезде олардың саны үш жарым есе көп болды. Енді қалған адамдар баспана мәселесі бір жақты шешілгенше осы жерді паналауға мәжбүр. Себебі олардың көбінің үйлерін толық су шайып кеткен немесе тұруға мүлде жарамсыз.

Арнайы құрылған комиссия облыста 400-ге жуық үйді тексерген. Оның 204-і қалпына келтіруге келмейді. Баспанасына зақым келгендерге жаңа үй сатып алуға немесе жөндеу жүргізуге өтемақы беріледі. Осы тасқыннан зардап шеккен тұрғындармен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова кездесті.

Светлана Жақыпова - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Комиссиялар жұмысын жалғастырады. Техникалық аудит арқылы табиғи апаттың залалы анықталады. Сіздердің шығындарыңыз толық өтеледі. Тек қана сәл сабыр мен төзімділік танытуларыңызды сұраймын.

Александра Завертяева, қала тұрғыны:

Біздің үйімізді төбесіне дейін түгел су басты. Мұндайды күтпеп едік. Көмектесеміз деп жатыр. Рахмет. Бірақ біз үйді өзіміз таңдап, өзіміз сатып алғымыз келеді. Осы жағы ескерілсе.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу