Қаныш Сәтбаев қазақ ғылымының атасы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаныш Сәтбаев қазақ ғылымының атасы

16.04.2024

Оның есімі Исаак Ньютон, Михаил Ломоносовтармен қатар аталады. Ол - ғұмырының саналы бөлігін жер асты қазба-байлықтарын зерттеуге арнаған. Қазақтан шыққан тұңғыш тау-кен инженер-геологы. Ұлттық ғылым академиясының тұңғыш президенті. Шын есімі – Ғабдулғани екенін біреу білсе, біреу білмес. Анасы еркелетіп «Ғани, Ғанышым» деп жүріп Қаныш аталып кеткен. Қазақ ғылымының атасы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туралы келесі материалда.

Осылай өзіне ауыр міндет алған Қаныш Сәтбаев қазір бізге белгілі жерасты қазба-байлықтарын зерттеп, картасын жасады. Қасында кәсіби кадрлардың жоқтығына, қаржыландырудың жеткіліксіздігіне қарамастан елсіз жерде тынбай еңбек етті. Соның нәтижесінде Жезқазған кен орнының қоры 2 млн тоннадан кем емес екенін ғылыми дәлелдеді.

Әділхан Бекділдаұлы, Қ.Сәтбаевтың шәкірті, геология-минерал ғылымдарының докторы:

Ең жоғары деңгейлі шенеуніктердің көзқарасын өзгертіп, Жезқазған өте маңызды екенін дәлелдеген ол жай адамның қолынан келмейді. Ол тек қана Сәтбаевтың қолынан келді. Нәтижесінде, Жезқазған Кеңес Одағында 1-ші кен орны, ал дүниежүзі бойынша 2-ші нысан болды. 

Сәтбаев - геолог-ғалым ғана емес, нағыз сегіз қырлы бір сырлы азамат. Әдебиеттану, музыкатану, заң, металлургия, тіпті химия мен математика саласында да еңбектенді. Небәрі 20 жасында Кисилевтың Алгебра оқулығын қазақшаға аударды. Бұл оның тұңғыш ғылыми еңбегі еді.

Алима Жармағанбетова, Қаныш Сәтбаевтың немересі:

Мен немересі емес, ғалым ретінде айтар болсам ол кісінің Қазақстанның өркендеуіне қосқан үлесі орасан. Өйткені, еліміздегі қазба-байлықтардың дерегін жасады, картаға түсірді. Оның барлық болжамдары тура келді. Сондай-ақ, соғыстан кейінгі жылдары ғылым саласында жүрген азаматтардың басын қосып, Қазақ ғылым академиясын құрды. Еліміздің әр өңірінен ынтасы зор қазақ балаларын жинап, Мәскеуге оқуға жіберді. Сол жастар ғылым саласына өқлшеусіз үлес қосып, атақты ғалым болды.

Тау-кен саласының мамандары Сәтбаевтың нағыз ұлтжанды азамат болғанын жиі айтады. Зерттеген саласын, атқарған қызметін халықтың игілігіне арнайтын. Ал, академиктің ғылымдағы еңбегі әлі күнге дейін ғылыми қызметкерлердің шамшырағы іспетті.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу