Қоғамда қатігездік, агрессия күшейіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоғамда қатігездік, агрессия күшейіп барады

14.04.2024

 Парламент Сенатытұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заң жобасын мақұлдады. Құжат Президентке қол қоюға жіберілді.

Мынадай өзгерістер мен толықтырулар бар:

• кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасағандарға жеңіл жаза тағайындауға тыйым салынады, тараптардың татуласуына мүмкіндік берілмейді;

• бала өлтіргендер, бала зорлығына қатысы барлар және балаға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткендерге өмірлік түрме жазасы енгізіледі;

• 16 жасқа толмағандарға жыныстық сипатта тиіскендерге жауапкершілік тағайындайтын Қылмыстық кодексте арнайы бап пайда болады;

• өзін-өзі өлтіруге көндіру немесе өзін-өзі өлтіруге ықпал еткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілмек.

Сонымен бірге кәмелетке толмағандарға буллинг жасағандарға, қасында ата-анасы немесе заңды өкілі жоқ 16 жастан аспаған балаларды мәжбүрлеп қоғамдық көліктен түсіргендерді жауапқа тартуға мүмкіндік беретін баптар енгізілмек. Әкімшілік кодекске.

 «Құжатта ата-ана құқығынан айыра салатын норма бар» деп жүргендердің сөзіне орай Ішкі істер мен Оқу-ағарту министрліктері ата-ана құқығынан айыру үшін ұзақ тексеріс жүретінін айтты. Мұндай норма өз баласына қасақана қылмыс жасағандарға ғана қолданылмақ.

Маңызды өзгеріс - бұрын әкімшілік заңбұзушылық саналатын отбасындағы ұрып-соғу енді Қылмыстық кодекске енгізілмек. Ал іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарына шыққан дәлелге сүйеніп, тергеу жүргізе алады.

Осылайша денсаулыққа жеңілдеу және ауыр зардап келтіргендер 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Агрессорлар тергеу изоляторына қамалады. Ішкі істер министрлігі арыз көбейген жағдайда да оларға абақтыдан орын табылатынын айтады.

Әйелін қорлап, тіпті өлтіретіндерге жазаны барынша қатаңдату туралы талап былтыр күзде Салтанат Нүкенованы күйеуі Бишімбаев өлтірді деп ұсталғаннан кейін тіпті күшейе түсті. Ресми емес «Салтанат заңы» деп атап жүргендер бар. Бұл іс бойынша сот отырысы аптада жалғасты. Әлгінің қылмысын жасырды деген,сол трагедия болған мейрамхананың жұмысын үйлестіріп, бәріне жауап беретін Бақытжан Байжанов тергелді. Осының алдында да айттық, Бишімбаев, өз аргументін ешқашан келтіре алмайтын Салтанатты психологиялық жағынан тұрақсыз, мәселенің байыбына бармай, бірден ренжіп шыға келетін, қит етсе алкогольді ішімдік ішетін, жұмыс істегісі келмейтін тағы басқа сүйкімсіз қылығы көп адам қылып көрсетуге тырысып отыр. 

Алайда Байжанов Салтанатты мүлдем басқаша сипаттады. Салтанат көркем мінезді әсем келіншек болғанға ұқсайды. Сонымен бірге Байжанов өзінің бірінші адвокатының Бишімбаев адвокаттарымен ымыралас екенін байқайды. Және Бишімбаевтың өзінің де өйтіп айт, бүйтіп ат деп өктемдік көрсеткеніне тоқталды. Мысалы, жедел жәрдемді екеуміз бірге шақырдық деуін талап еткен. Оның алдында өзі медициналық көмек шақырудың орнына сәуегей ме,балшы ма, біреуге телефон соққанын айтқан. Байжанов монтанси сөйлейтін Бишімбаевтың қит етсе бақырып беретініне де тоқталды...

Қоғамда агрессия көбейіп кетті деген пікір бар. Оны дәлелдейтін жаға ұстататын оқиға көп. Өткенде Алматыда тұрғын үйді күзететін адамды сол үйде тұратын біреудің көлікпен жаныштап, одан қалса басына секіріп мерт қылғанын көрдік... 

Агрессорлар қайдан болады және немен «қоректенеді»? Қоғамның қайырымды қасиетін басым етудің басты кілттері қандай? Данияр Қайыртайдың сараптамасы. 

 Данияр Қайыртай, тілші:

Экс-министр Бишімбаевтың марқұм Салтанат Нүкенованы ұрып-соғып, тепкілеген видеосының бір үзігі ғана жарияланған тұста үйінің күзетшісін көлігімен қағып, кейін ұрғылап өлтірген; көшеде бір келіншекті соққыға жығып, шашынан сүйреген; саябақта саяқ отырған қызға тарпа бас салған;сауда үйінің бір бұрышында 15 мың теңге қарызын қайтармағаны үшін жас жігітке әлімжеттік көрсеткен агрессорлардың видеолары тарап жатты. Бұған көз үйір болған ерлі-зайыптылар арасындағы ұрыс-керіс, ата-аналардың, мұғалімдер мен тәрбиешілердің балаларға көрсететін зәбірі, оқушылар мен солдаттар арасындағы зорлық оқиғаларын қосыңыз. Қоғамда өшпенділіктің осыншалықты өршуіне не себеп? Неге кей адамдар қатігез? Осы сияқты бірнеше сұрақты әртүрлі ғылым өкіліне қойдық.

 Алмаш Айқынбайқызы, әлеуметтанушы:

Барлық социологтар оның биологиялық негіздерін де мойындайды. Бірақ дегенмен де агрессияны қалыптастырушы негізгі себеп – сыртқы ортаның ықпалы.

 Гүлнұр Сапарова, практик-психолог, Астана халықаралық университетінің аға оқытушысы:

Адамның шыққан ортасында агрессия норма ретінде қабылдануы, үнемі агрессорлардың ортасында тәрбиеленуі және кейбір кездерде осы агрессияның болуын қолдап-қолпаштап отыратын ортада адамның тәрбиеленуінен.

Динара Әбілда, антрополог:

Тек қана қазақ қоғамында емес, жалпы басқа елдерде де патриархат тек қана ер адамның шешім қабылдауы емес, оның агрессия көрсетуге деген билікке ие болуы. Бұл барлық халықтың көз жұма қабылдап жүрген нормалары деп есептеуге болады.

Әсел Исаханова, психолог, PHD, ASTANA IT университетінің қауымдастырылған профессоры:

Бірінші мотив – өзінің күшін көрсету. Себебі ол өзінің ойын жеткізе алмайды, не қажет екенін айта алмағандықтан агрессия білдіреді. Екінші нәрсе – қарсылық, қарсы тұру. Үшінші нәрсе – шаршау. Адам қатты шаршаса, бірнеше күн ұйықтамаса, қиын қыстауға ұшыраса, онда ол да агрессия болып келеді.

Сонда агрессор деген кім? Оның сипаты қандай?

Әсел Исаханова, психолог, PHD, ASTANA IT университетінің қауымдастырылған профессоры:

Агрессор көбіне қандай адамдар? Өмірден ләззат көрмеген, өзінің тұлғасын қабылдай алмайтын, мысалы, көп ішкі мәселелері бар, өзін жақтырмайтын адамдар көбіне агрессор болып келеді. Агрессор кімге агрессия көрсетеді? Өзінен жоғары адамдарға көрсетпейді. Ол өзінен әлсіз болса, соған көрсетеді.

Айдана Амалбекова, саясаттанушы, MNU оқытушысы:

Социопаттар өз табиғатынан эмпатия білдіруге мүмкіндігі жоқ және ол адамға қанша жерден тәрбие берілсе де, білім берілсе де, этика, мораль туралы құндылықтар дәріптелсе де ол адам өзгермейді. Олар интеллекті жоғары болса, оны жасыра алады және олар басқа адамдарға қарап бейімделе алады.

Гүлнұр Сапарова, практик-психолог, Астана халықаралық университетінің аға оқытушысы:

Оның алған білімі де, шыққан ортасы да оны агрессор болмайтындай деп қарастыра алмаймыз. Өйткені агрессор болу үшін ол ұзақ уақыт іште жиналған дүние, немесе әртүрлі психикалық күйге байланысты. Яғни агрессор біздің қоғамдағы кез келген адам бола алады.

Алмаш Айқынбайқызы, әлеуметтанушы:

Біз барлығымыз ішімізде агрессор шығармыз. Себебі бізге қоғамның қоятын талаптары тым жоғары да және біз ол талаптарға үнемі жауап бере алмаймыз. Мысалы, бір уақытта сенен талап етуі мүмкін жақсы ана, жақсы әке болуыңды, сонымен қатар сен жұмыста үнемі мықты қызметкер болуың керек, одан қалса ата-анаңның үмітін ақтауың керек, сен балалармен ойнауың керек деген сияқты.

Ал белгілі бір мемлекетте не қоғамда қандай кезеңде агрессив іс-әрекеттер көбейеді?

 Алмаш Айқынбайқызы, әлеуметтанушы:

Отбасындағы зорлық-зомбылық, балалар арасындағы буллинг, көп талқыланатын әскердегі әлімжеттік – шын мәнінде бұның барлығы қоғамның проекциясы ғана. Қоғамдағы, үлкен макрожүйедегі кейбір институттар өзінің функциясын дұрыс атқармауы – шағын топтардан көрініс табуы мүмкін.

Жеңісбек Төлен, саясаттанушы, PhD:

Адамдарға ортақ, адами қатынастарды реттейтін құндылықтар қоғамда басты рөлге қашан шықпайды – дәл сол кезде құндылықтар құлдырайды. Сол кезде адамдар арасындағы қатынастар бұзыла бастайды, қоғамда агрессия көбейе бастайды.

Ақмарал Байдлаева, философ, Ө.Жәнібеков атындағы оқмпу оқытушысы:

Бұрынғы бір идеологиялық саясат немесе жүйе кеткен кезде, бірақ жаңа идеология қалыптаспаған бір аралық кезеңде белгілі бір агрессиялық немесе моральдық мәселелер көбірек көтерілетіні анық. Мүмкін қазір Қазақстанда сол процесс болып жатқан шығар.

Әсел Исаханова, психолог, PhD, ASTANA IT университетінің қауымдастырылған профессоры:

Біз көбіне алданып қаламыз, біреуге сеніп. «Енді біздің елімізде бәрі күшті болады, ғажайып болады, өзгертеміз» дейді. Бірақ ол өзгеріс тез болмайды, баяу. Ал халық тез өзгерісті күтеді. Үміт ақталмайды, сол кезде агрессия туындайды.

Айдана Амалбекова, саясаттанушы, MNU оқытушысы:

Әртүрлі әлеуметтік топтар арасында алшақтық айқын болса, онда агрессия өрши түседі. Өйткені экономикалық теңсіздікті көзбен көруге болады, бақылауға болады.

Күн тәртібіндегі негатив оқиғалар нөпірі мен түрлі медиаөнім арқылы көрсетілетін агрессия көріністері адамды булықтыруы мүмкін бе?

Әсел Исаханова, психолог, PhD, ASTANA IT университетінің қауымдастырылған профессоры:

Мысалы, қазір су тасқыны болып жатыр. Әлеуметтік желіні ашқан кезде «Неге олар бүйтіп жатыр, неге бұлай», «Осындай біз жаман жерде тұрамыз, біздің мемлекетіміз нашар, ешкім жұмыс жасап жатқан жоқ, ешкім көмектесіп жатқан жоқ, қара халық қалды» деген сөзді көп естиміз. Сондай сөзді көп естігенді біз ашуланамыз.

 Гүлнұр Сапарова, практик-психолог, астана халықаралықуниверситетінің аға оқытушысы:

Негативті жаңалықтар, негативті ақпараттар бізді өзімізді автоматты түрде психикалық, бейсаналық тұрғыда келе жатқан қауіпке дайын болуға, қорғану агрессиясын қалыптастырады. Қазір сот болып жатыр ғой, бәрімізге әйгілі, әділетсіздік орын ала қалған жағдайда, халық стартта отыр.

Алмаш Айқынбайқызы, әлеуметтанушы:

Егер сіздің көз алдыңызда үнемі белгілі бір нормаға сәйкес емес іс-әрекет ақпарат ретінде ұсыныла беретін болса, уақыт өте ол нормаға айналуы мүмкін. Бірақ бұл бұндай оқиғаларды БАҚ-та жарияламау керек деген сөз емес. Керісінше, ол ақпарат айтылуы керек, бірақ ол ақпаратқа қатысты этикалық нормалары сақталуы керек.

Енді қоғамдағы осындай агрессив көңілді азайтудың амалы қайсы?

Гүлнұр Сапарова, практик-психолог, Астана халықаралықуниверситетінің аға оқытушысы:

Біреудің агрессиясын екінші адам түзете алмайды. Біз жазалау арқылы түзетеміз деп ойлаймыз. Бірақ көп жағдайда жазалау агрессияның ушығуына алып келеді.

Динара Әбілда, антрополог:

Біз әртүрлі институттардың бір-бірімен қарым-қатынасын регуляция жасап отыруымыз керек. Себебі ата-аналар балаларын тәрбиелегенде «басқаны ұрма, басқаға сөз қайтарма» деп реттеп отырады ғой, сол сияқты қоғамда да біз, мысалы, «әйел адамға қол көтеруге болмайды, ол дінде болсын, мәдениетімізде болсын, ешқашан болмаған» дегенді дәріптеуіміз керек. Керісінше емес.

Жеңісбек Төлен, саясаттанушы, PhD:

Ұлттық құндылықтар бірден-бір осы агрессияның алдын алатын немесе оған жол бермейтін иммунитет. Тағы бір мәселе – құқық. Қоғамда теңдік, әділеттілік орнаған кезде қоғамда агрессияның болу мүмкіндігі азаяды.

Ақмарал Байдлаева, философ, Ө.Жәнібеков атындағы оқмпу оқытушысы:

Қоғамның есеюі өте маңызды. Қоғамның есеюі деген – жауапкершілікті ала білу. Өз өмірің үшін, жақындарыңның, балаларыңның, айналаңдағы адамдардың өмірі үшін жауапкершілік ала білу және қорғана білу. Этикада өте жақсы ереже бар: «Мен өзіме жасалғанын қаламайтын нәрсені басқа жасамауым керек». Бұл адамзат тарихындағы алтын ереже.

Динара Әбілда, антрополог:

Кез келген норма бұзылған кезде санкция жүреді. Санкция қатал болған сайын адамдар норманы бұзуға қорқады. Біздің мемлекет демократиялық, заң үстемдігі жүретін деп өзін атайтын болғандықтан бізде заң күші жоғары болуы керек.

Айналып келгенде, қоғамның мінез-құлқы да жүйемен бірге өзгеретін болғаны ғой?.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу