Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев қоймасы 179 пайызға толып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев қоймасы 179 пайызға толып тұр

11.04.2024

Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасының толымдылығы аздап төмендеді. Қазір қойма 179 пайызға толып тұр. Алдыгүні 182 болған еді. Есіл өзенінің жайылмасында су кептеліс байқалмайды. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов хабарлады. Бірақ, өңірде ахуал әлі де күрделі. Жағдайды тілшіміз

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Сергеев қоймасы 410 см-ге арнасынан асып тұр. Бір қуанарлығы бұл өткен күнмен салыстырғанда 15 см-ге төмен. Бірақ әлі күнге дейін Петропавл қаласы мен Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандарын су басу қаупі бар. Жалпы, 219 елдімекенді сондай қауіпті аймақта. Бүгінге дейін 78 үй су астында қалған. Бірақ, адамдар дер кезінде құтқарылған. Жалпы 789 адам эвакуацияланған.

Казгидрометтің хабарлауынша, қоймадан шыққан артық су Петропавлға ертең жетуі мүмкін, Есіл ауданына 14-не қарай және 23-сәуірге дейін жалғасуы мүмкін. Сондықтан жан-жақтан келген ТЖМ күштері, еріктілер күн-түн демей арықтарды тазалап, елдімекендердің айналасын қорғанмен нығайтып жатыр. Бұл іске 2 мың адам, 200 техника жұмылдырылған.

Ал өңірде 59 жол учаскесінің үстін су шайып, 17-сінде ағын қатты болып тұр.

Қар жамылғысы 20 пайызға дейін төмендеген.

Аманкелді Сейтхан


Хабарламаларға жазылу