Солтүстік Қазақстанда ауыл тұрғындары бөгеттерді нығайтуға көмектесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстанда ауыл тұрғындары бөгеттерді нығайтуға көмектесті

06.04.2024

Солтүстік Қазақстанда ауыл тұрғындары су тасқынының алдын алуға көмектесуде. Қызылжар ауданында 150-ге жуық адам инертті материалдарды қаптап, бөгеттерді нығайтуға жәрдемдесті. Еріктілер тұрғындармен кездесіп, су тасқыны бола қалса қалай әрекет ету қажеттігін түсіндірді.

Эльмира Кәленова, тілші:

Тепличное ауылында 360 шаңырақ түтін түтетіп отыр. 2017 жылы су тасқыны болып, елді мекеннің жартысына жуығын су басып қалған еді. Биыл да Есіл өзенінен қауіп төніп тұр. Жауапты органдар табиғи апаттың алдын алуға барынша күш салуда.

Оларға бірнеше күннен бері ауыл тұрғындары да көмектесіп жатыр. Көршілес елді мекендерден келгендер бар. Солардың бірі Қабдолла Бейісхан. Бескөл ауылдық Парасат мектебінің мұғалімі тасқын қаупі төніп тұрғында бей-жай қала алмағанын айтады.

Қабдолла Бейісхан, Бескөл ауылының тұрғыны:

Үйде жата алмадық. Себебі біз қазақ жалпы ұлт болып ұйысып, бірге жұмыс істейтін халықпыз ғой. Сондықтан, көмекке келдік, бір кісідей болып. Біздің мектептің мұғалімдерінің барлығы, ер азаматтар жұмылдырылды. Бұл бүгін ғана емес, алдында да осы іс-шараға атсалысқан.

Еріктілер қауіпті аймақта орналасқан баспаналарды аралап, халыққа ақпараттық парақшалар таратты. Тұрғындармен қоса төрт түлікті тіркеуге алды. Көмекке келген тұрғындарға арнайы ас әзірленді. Жалпы Қызылжар ауданында су басу қаупі бар 15 елді мекен тіркелді. 13 мектепте эвакуациялық пункт ашылды.

Сақтаған Сәдуақасов, Қызылжар ауданының әкімі:

Ең жоғары қауіп осы Тепличноеда, сосын Прибрежноеда. Онда 36 үйіміз бар. 100 шақты адам. Онда эвакуационный пункт барлығы дайын. Тексеріп шықтық. Сондай жағдай болса, барлық шараларды қолданамыз. Адамдарды, мүліктерін шығаруға барлық мүмкіндіктерін жасаймыз.

Облыста 29-шы наурыздан бері 28 үйге су кірді. 70-тен астам адам мен 200 бас мал қауіпсіз жерге көшірілді.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу