Солтүстік Қазақстанда ауыл тұрғындары техникалық суды ішіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстанда ауыл тұрғындары техникалық суды ішіп отыр

31.10.2023

Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындардың 60 пайызы орталықтандырылған су жүйесімен қамтылмаған. Мәселен, Айыртау ауданындағы Қарақамыс ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері техникалық суды тұтынып келеді. Былтыр бюджеттен қаражат бөлініп, ұңғыма қазылды. Алайда су көзі табылмады. Биыл қайтадан құдық қазуға байқау жарияланып, жаңа мердігер анықталды. Алайда жұмыс аяқсыз қалды.

Мердігер сол кеткеннен әлі жоқ. Ауыз суды күтіп, тұтас ауыл отыр. Ескі құдықтың сүзгісі әлдеқашан істен шыққан. Тұрғындар суды тұндырмай ішу мүмкін емес дейді.

Құрманғазы Жахин, Қарақамыс ауылының тұрғыны:

Сумен бірге таза құм. Сосын бір сажа сияқты сүлгі шығады. Соны ішіп отырмыз міне. Екінші жыл ма, үшінші жыл ма. Одан да бұрын үйге апарамыз. Флягтың түбі лай, тас. Бәлен жыл айтылып жатыр. Орындалмайды.

Сапасыз ауыз су денсаулықты құртты дейді көпшілік. Бүйрегіне тас байланып операция жасатқандар көбейген. Солардың бірі Дәмеш Аяғанова.

Дәмеш Аяғанова, Қарақамыс ауылының тұрғыны:

3 күн реанимацияда жаттым. Дәрігерлер тасың үп-үлкен деді. Судың сапасы міне, көріп тұрғандай, сап-сары. 2-3 күнде бір тазаламасаң, шәйнек таттанады да қалады.

Эльмира Кәленова, тілші:

Тұрғындардың айтуынша, мына құдықтың іске қосылғанына жарты ғасырдан асқан. Адам да, мал да суды осы жерден ішеді.

Ескі құдық жиі істен шығады. Әкімдіктен көмек болмағасын халық сорғыны бірнеше рет өз күшімен ауыстырған. Өткен қыста апталап сусыз қалған күндер де болыпты.

Сапар Аяғанов, Қарақамыс ауылының тұрғыны:

78 метр әуелде қазғанда, қазір 30-ақ метр. 30 метр тайыздап қалған. Неге олай болып қалды? Тұрба шіріген, құлаған. Енді су келмейді.

Жоспар бойынша тұрғындар былтыр сапалы ауыз сумен қамтылуы тиіс еді. Бұл мақсатқа 4 млн теңге бөлінген.

Дулат Сүлейменов, Сырымбет ауылдық округінің әкімі:

Қостанайдың бір фирмасы келді. Екі жерден қазып, олар суды таба алмады. Сосын біз сол ақшаны қайтадан бюджетке қайтардық. Осы жылы жаңадан бастадық қазуды. Олардың техникасы сынып қалды. Олар міне осы жұмада уәде берді, тағы келеді де, қазады.

Құдықтың түбіндегі су секілді, халықтың да шыдамы түгесілуге шақ. Көпшілік мердігердің сөзіне сенбейді. Жалпы, теріскейде Қарақамыс секілді тіршілік нәрінен тарыққан 220 ауыл бар. 42 мыңға жуық тұрғын суды көршілес елді мекендерден тасып ішеді. Көлдің суын пайдаланып отырған ауылдар көп.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу