«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы: Солтүстік Қазақстандағы Бостандық ауылы қайта түледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы: Солтүстік Қазақстандағы Бостандық ауылы қайта түледі

04.04.2022

Солтүстік Қазақстанда болашағы бұлыңғыр ауылдар санатына енген Бостандық қайта түледі. Елдімекенде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа үйлер бой көтеріп, оңтүстік өңірлерден көшіп келген отбасылар қоныстанды. Жабылудың аз-ақ алдында тұрған мектепте бала саны көбейіп, сәбилерге шағын орталық ашылды.

4-сынып оқушысы Раяна Чир отбасымен бірге Солтүстік Қазақстанға Алматы облысынан қоныс аударған. Қазақ тілін жетік білмегендіктен, жаңа мектепке үйренісу оңай болмағанын айтады. Дегенмен алғырлығының арқасында қиындықты еңсеріп, сыныптағы үздік оқушылардың біріне айналды.

Раяна Чир, оқушы:
4 тіл білемін. Осы мектепте қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйреніп алдым. Менің өз тілім – дунган тілі. Әкем маған күнде араб тілін үйретеді.

Соңғы жылдары ауыл халқы жан-жаққа үдере көшіп, 11 жылдық Бостандық мектебінде 20 оқушы ғана қалған еді. Бала саны аз болғандықтан білім ошағы жабылып қала жаздады. Сол сәтте ауылға «Еңбек» бағдарламасы арқылы оңтүстіктен 8 отбасы қоныс аударған Бүгінде оқушылар саны көбейіп, 60-қа жетті.

Гүлжан Мантаева, ауыл тұрғыны:
Бірнеше жыл бұрын көптеген отбасы жақсы жұмыс, жер іздеп ауылдан қалаға көшіп кеткен болатын. Міне, соңғы 2016 жылдан бері қоныс аударып келіп жатқан отбасылар бар. Екі жылдың ішінде 8 үй салынды.

Сұраныс туындаған соң ауылда дүкен, намазхана сынды нысандар салынды. Мектеп күрделі жөндеуден өтіп, жолға қиыршық тас төселді. Жағдай жасалған соң елдімекенге жас мамандар да келе бастаған. Солардың бірі «Серпін» бағдарламасына қатысушы – Гүлжайна Пірімбетова.

Гүлжайна Пірімбетова, жас маман:
Жас маман болғандықтан, алғашқы еңбек тәжірибемді ауылдан өткім келді. 1 жыл көлемінде пәтерақыны төлеуге көмектесті және жас маманға берілетін жоғарғы жәрдемақыны алдым.

Бостандық мектебі – облыстағы үздік білім ошағының бірі. Ұстаздардың еңбегінің арқасында соңғы 7 жыл ішінде түлектері тегіс мемлекеттік білім грантына ие болған.

Айгүл Сарбасова, мектеп директоры:
12 түлегіміз «Алтын белгіге», 8 оқушымыз үздік аттестатпен бітірді. «Болашақ» бағдарламасымен 3 түлегіміз шетелде білім алды.

Елдімекенде бос тұрған үйлер әлі де бар. Сондықтан ауыл тұрғындары қоныс аударушыларды құшақ жая қарсы алуға әзір.

Эльмира Каленова


Хабарламаларға жазылу