Шымкентте 5 шағын аудан интернет желісінен ажыратылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте 5 шағын аудан интернет желісінен ажыратылды

03.04.2024

Шымкентте электр тарататын монополист мекеменің әрекетінен 5 шағын ауданның халқы интернет байланыссыз қалды. Ең қиыны осындағы 3 мектеп пен 2 емханада электронды жүйенің істемеуінен білім беру мен емдеу ісі ақсап тұр.

Мұғалім электронды тапсырманы осылай амалсыз өз телефоны арқылы тексеріп жүр. Оқушылардың алған бағасы журналға да қойылған жоқ. Өйткені интернетсіз «Күнделік КZ» порталына кіре аламайды. Сондай-ақ бүгін мектеп бойынша оқушылардың білім жетістігін бақылау сынағы басталуы керек еді. Оны да бастай алмай отыр.

Рахилә Барат, мектеп директорының орынбасары:

Ол ББМЖ тек қана интернепен жұмыс істейді. Және де «Күнделік.кз» бар интернетпен жұмыс жасайтын. Оның бәрі мүлдем тоқтады.Мұғалімдеріміз қалтасынан төленген, телефондағы интернетпен жұмыс істеп жатыр. Оған да интерненттің күші жетпейді.

Оқу жылының жаңа тоқсанын шаһардағы үш мектеп осылай бастады. Жалпы бес елді мекенің халқы бір аптадан бері не емханаға тіркеле алмай, не порталға іліге алмай жанды сыздатқан сырқатымен сүйретіліп жүр.

Бауыржан Исабеков, ауыл тұрғыны:

Бала-шаға сабағын дайындай алмай жатыр. Емханаға тіркеле алмайды. Интернетсіз емханада да жұмыс істемейді, мектепте де сабағы дұрыс болмайды.

Мұндағы тұрғындардың жайлы өмірін электр тарату мекемесінің жуырда ауысқан басшылығы бұзды. Олар интернет сымын электр бағаналарына байланғандықтан әрқайсысына 238 теңгеден ақы төле деп талап қойған. Болмаған соң өздері интернет желісін ұяшықтарын бұзып, ажыратып тастаған.

Нұрсәбит Сапарбеков, «Састелеком» компаниясы филилиалының директоры:

Егер де мен 2 мың абонеттің бағанасына аренда төлейтін болсам 1 мың емес 3 мың теңгеге дейін тариф бағасы көтеріледі.

Тарифті көтерілуіне себепкер болып тұрған бағаналар негізі әкімдіктің меншігі. Оны электр тарату мекемесі сенімгерлік басқаруға алған. Енді екі жақты мәмілеге келтіру үшін әкімдікте жұмыс тобы құрылды.

Мұхит Кемелов, қалалық цифрландыру басқармасының басшысы:

Бұл жерде ОЖТ тарапынан мұндай физикалық әрекет орын алмайтыны туралы мәлім етілді. Одан кейін САСтелеком бойынша бүгін шешім қабылдайды. 5 елді мекенді қайта қалпына келтіру бойынша шешім қабылданады.

Бұл қазіргі жағдайға байланысты қабылданған шұғыл шешім. Жұмыс тобының әлі қанша уақыт ақылдасып, нақты неге тоқтары белгісіз.

Жалпы Қазығұрт, Құрсай, Сәуле, Забадам және Еламан шағын ауданына 2021 жылы кең жолақты интернет желісі тартылған. Оны 10 мыңға тарта абонент пайдаланып келеді.

Хабарламаларға жазылу