Басты Жаңалықтар «Ақтөбе – Ұлғайсын» төрт жолақты жолының құрылысы 2 жылда бітеді

«Ақтөбе – Ұлғайсын» төрт жолақты жолының құрылысы 2 жылда бітеді

«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізінің Қызылорда – Ақтөбе арасындағы бөлігі – тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Бұл мәселеге Құрылтайда Мемлекет басшысы арнайы тоқталып, осы жолды кеңейтуге тапсырма бергенін айтқан еді. Нәтижесінде, төрт жолақты күре жолдың құрылысы басталады. Бұл жаңалыққа әсіресе, алыс сапарда жүретін көлік жүргізушілері мен жол бойындағы елді мекендердің халқы ерекше қуанып отыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Біз қазір «Самара-Шымкент» халықаралық көлік дәлізінің Ақтөбе мен Қызылорда облысы аралығындағы бөлігінде тұрмыз. Бұл – Қазақстандағы жүктемесі ең көп жолдардың бірі. Көлік апаты да жиі болады. Тәулігіне кем дегенде 10 мың жүк көлігі өтеді.

Бұл жолмен транзиттік көліктер көп жүреді. Жүргізушілерді талай жылдан бері әсіресе, Ақтөбе мен Хромтау аралығы титықтатып келді. Жолдың нашарлығынан бөлек, жүк көліктерінің көптігінен жолаушылар діттеген жеріне бірнеше сағатқа кешігіп барады.

Еркебұлан Зейнеладдинов, көлік жүргізушісі:

Жүргізуші болғандықтан Ақтөбе-Қызылорда бағытында көп жүремін. Бұл жолда жүк көліктері өте көп. Қарқындылық өте жоғары. Сондықтан төрт жолақты болғанын қалаймыз. Авария да болып тұрады, кептеліс әрдайым болып тұрады.

Көлік апттарынан жыл сайын ондаған адам қаза табады. Жолдағы жүктемені сараптайтын мамандардың айтуынша, көлік ағыны жыл сайын ұлғайып келеді. Жаз мезгілінде транзиттік көліктердің саны одан әрі артады. Сондықтан мамандар Президент тапсырмасымен төрт жолақты күре жолдың салынуы дер кезінде қабылданған шара дейді.

Амангелді Қазиев, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» филиалының инженері:

Көлік қозғалысының қарқындылығын есептейді. Мониторинг бойынша бұл бағытта тәулігіне 12-16 мыңға дейін автомобиль қатынайды. Бұл жолға түсетін жүктеменің жоғары екенін көрсетеді.

Енді жол азабынан құтылатын күн алыс емес. Ақтөбе мен Ұлғайсын ауылына дейінгі жол бірінші техникалық санатқа сәйкес төрт жолақты болады. Оның алғашқы 28 шақырымы былтыр жыл соңында қолданысқа берілген еді. Құрылыс жұмыстары көктемде қайта жанданады. Жауаптылар төрт жылға есептелген жобаны екі жылда аяқтауды көздеп отыр.

Айбол Данағұл, «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры:

Қалған участоктің 262 шақырымы биыл басталады. Одан бөлек батыс пен шығыстың арасындағы жолды атап өтті. Бұл жол бойынша да «Орталық-Батыс» дәлізі аясында Ырғыз-Торғай-Арқалық» жолы да биыл басталады. Мердігер бар. Карьер, соларды рәсімдеу бойынша дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Жол құрылысы бойынша ең үлкен жобаның бірі - «Бейнеу – Сексеуіл» тас жолының да бір бөлігі Ақтөбе өңірі арқылы өтеді. Одан бөлек облыс аумағындағы 260 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.


Бөлісу