Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотында Бишімбаев ісі бойынша негізгі сот процесі басталды. Бишімбаев істі алқабилердің қатысуымен қарауды сұраған, судья ол өтінішін қанағаттандырды. Сәрсенбіде 100 кандидаттың арасынан 10 негізгі, 2 қосалқы алқаби таңдалды.
Бишімбаев «Асқан қатыгездікпен кісі өлтірді» және «Азаптау» баптары бойынша, ал оның немере інісі Бахытжан Байжанов «Қылмысты жасыру» және «Қылмыс туралы хабарламау» баптары бойынша айыпталып отыр. Бишімбаев былтыр қараша айында әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп қамауға алынған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық - бұл көнуге болмайтын және зорлықшы лайықты жазасын алуы тиіс зұлымдық. Өткен бағдарламада Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» шығармасын параллель келтірдік.
Бишімбаевтың 2018 жылы қылмыстық іс бойынша 10 жылға сотталғаны, дегенмен түрме 2019 жылы шартты жазаға ауыстырылып, мерзімінен бұрын босатылғаны есте.
Сонымен бұл іс алқабилердің қатысуымен қаралады. Елімізде алқабилер соты 2007 жылы енгізілді. Кеше ғана енгізілмесе де, қоғам «Алқабилер соты деген не?» сауал қойып, олардың пәтуәсі қалай шығарылатынын сұрап жатыр. Сот процесінің соңында оларға үш сауал қойылады: Бірінші: әрекет ету дәлелденді ме? Екінші сұрақ: осы қылмысты күдіктінің жасағаны дәлелденді ме? Үшінші сұрақ: ол әрекетті жасағаны үшін кінәлі ме? Осылардың бәріне «иә» деген жауап берілсе, айыптау үкімі шығарылады. Ал егер осы сұрақтардың біріне алқабилер «иә» демесе ше? Елдос Есенбол материалында тәптіштеп түсіндіреді.