Данил Мұсабаев батуттағы гимнастикадан Париж олимпиадасына жолдама алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Данил Мұсабаев батуттағы гимнастикадан Париж олимпиадасына жолдама алды

28.03.2024

Қарағандылық спортшы Данил Мұсабаев, Парижде өтетін Олимпиадаға жолдама алды. Бұл Қазақстан ұлттық құрамасының батуттағы гимнастика бойынша алған алғашқы лицензиясы. Германияда өткен әлем кубогы кезеңінен олжалы оралған отандасымыз, 2022 жылы әлемдік рейтингте бірінші орынға шыққан. Кейін Азия чемпионатында жүлдегер атанды. Осы жетістіктерінің барлығы 25 жасар атлет үшін Парижге баратын спортшылардың қатарына кіруге септігін тигізген.

Данил Мұсабаев, батуттағы гимнаст:

Енді үлкен дайындықты бастаймыз. Білікті бапкерлер мен психологтармен бірігіп жұмыс істейміз. Жақында Азия чемпионаты. Содан соң Парижге дайындық басталады. Негізгі жаттығулар Алматыда өтеді. Оған арнайы жоспар құрылуда. Қазір олимпиада деңгейінде сұралатын күрделі әдістерді таза орындауға дағдыланамыз

Осылайша ұлттық құрама қоржынындағы жолдама саны 31-ге жетті. Ең көп лицензия боксшыларымыздың еншісінде, оның саны – 8. Ал 4-5 лицензиядан қанжығалаған атлеттер арасында нысана көздеу және садақ ату шеберлері, семсерлесушілер бар. Бүгінде ұзын саны 11 спорт түрі бойынша жолдама жеңіп алдық. Париж Олимпиадасына Қазақстан құрамасы спорттың 20 түрінен қатысуды көздейді. Яғни, жолдаманың жалпы саны 70-тен асуы мүмкін.

Хабарламаларға жазылу