Қазақстандық боксшылар Париж Олимпиадасына 5 жолдама жеңіп алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық боксшылар Париж Олимпиадасына 5 жолдама жеңіп алды

12.03.2024

Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен Париж Олимпиадасының алғашқы іріктеу турнирінде тағы 5 жолдама бұйырды. Бокста бұған дейін Қамшыбек Құнқабаев пен Карина Ибрагимова да ғана лицензия болған еді. 8 күнге созылған Италия жеріндегі жарыста дүниежүзінің 144 елінен 700-ден аса былғары қолғап шебері бақ сынады.

Мырзағали Айтжановтан тәлім алатын ерлер құрамасы алты салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп соның бесеуінде жолдама жалына жармасты. Алдымен 92 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Айбек Оралбай америкалық қарсыласын ұтып, командалас әріптестеріне жеңісті жолды бастап берсе, артынша 51 келі салмақта Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов тартысты жекпе-жекте ұлыбританиялықты ұтты.

Сәкен Бибосынов. Париж Олимпиадасы жолдамасының иегері:

Бұл – ортақ жеңіс. Енді босаңсымай, дайындықты күшейту керек. Париж Олимпиадасында елдің намысын абыроймен қорғағым келеді.

57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Махмұд Сабырхан өз шеберлігін паш ете біліп, тәжікстандық қарсыласынан мықты екендігін байқатып, жолдаманы жеңіп алды.

Махмұд Сабырхан, Париж Олимпиадасы жолдамасының иегері:

Париж Олимпиадасына өте жақсы дайындықпен барамын. Бұдан да жақсы өнер көрсетемін деп ойлаймын.

71 келіде өте шиленісті жағдайда өткен кездесуде әзербайжандықты қапы қалдырып кеткен Асланбек Шымбергеновта Олимпиадаға баратын болды. Ал соңғы болып шаршы алаңға шыққан 80 келі салмақта өнер көрсеткен Нұрбек Оралбай тартысты кездесуде ирландиялықты ұтып, бесінші жолдаманы қоржынға салды.

 Мырзағали Айтжанов, бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

Әрине барлығында кемшілік бар. Сол кемшілікпен жұмыс жасаймыз. Париж Олимпиадасына жігіттерімізді жақсы дайындықпен алып баруға барымызды саламыз.

Ал өкінішке қарай жолама үшін шаршы алаңға шыққан бұрымды боксшыларымыздың бірде біреуі лицензияға иелік ете алмады. Енді жолдамаға иелік ете алмаған бір жігіт және бес қызымыз мамырдың соңында Тайландта өтетін ақырғы лицензиялық турнирге дайындалады.

Тельжан Күдеров


Хабарламаларға жазылу