Павлодарда ісмер аналар мен олардың балаларының қолынан шыққан ұлттық киімдер байқауы өтті. «Ана кәсібі – бала нәсібі» атауымен бірінші рет ұйымдастырылған шараға 30-дан аса шебер қатысты. Олар ұлттық нақыштағы киім-кешек қана емес, кестелі көрпе, оюлы сырмақ, күмістен соғылған әшекейлерді де көпшілік назарына ұсынды. Қазақтың киім үлгілерін тігетін шеберлер арасында басқа ұлт өкілдері де бар.
Жасмин Рыскидинова, ісмер:
Біз тәжік болсақ та қазақтардың киімін ұнатып киіп жүреміз және Наурыз мерекесі келгенде мектепке де, далаға да киіп шығуға тырысамыз. Себебі қазақтың киімдері, оюлары өте әдемі. Аннұр орталығына барып өзіме шашбау, белбеу жасауды үйрендім. Және ол әшекей бұйымдарды күнде тағып жүруге қолайлы деп күнде тағып жүремін.
Ұлттық киімдер – қазақ дәстүріне сәйкестігі мен ісмердің шеберлігі тұрғысынан бағаланды. Тоқыма тоқып, тігін тіккен, қолөнермен айналысқан бала шаруаға икемді, айналасына мейірімді болады. Оның үстіне, бұл қазір құны жоғары кәсіп. Сондықтан өңірде ешкімге алақан жаймастан табыс тауып жүрген көпбалалы аналар жетерлік дейді ұйымдастырушылар.
Ырза Тұрсынзада, «Алтын Орда» халықаралық колөнершілер академиясының президенті:
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президентіміздің тарапынан бұл расында да біздің төл кәсібімізге, төл дүниемізге деген ерекше құрмет. Бұлар қара базарда, не болмаса ана бұрышта, мына бұрышта сөмкелерін арқалап баяғы жүрген қолөнершілердің заманы өтті. Қазір қолөнердің құны төрге шықты. Үлкен қолөнер шеберлері ғана емес, тіпті, кішкентай балаларымыздың өзі төрден орын алды.
Болат Аманбаев