Жазушы Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жазушы Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті

12.03.2024

Бүгін 74 жасқа қараған шағында жазушы әрі журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұмабек Шаштайұлы өмірден өтті. Ол қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, руханиятымыздың дамуына елеулі үлес қосқан. Мемлекет басшысы Жұмабай Шаштайұлының отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтып, жедел хат жолдады. Өнегелі ғұмыр кешкен Жұмабай Шаштайұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.

Жұмабай Шаштайұлының әкесі қойшы болған. Баласы ізін басып, мал-мүлкіне ие болғанын қалапты. Жазушы тағы бір сұхбатында «Көзімді малмен аштым. Алайда, сол қойдан құтылудың жолын іздедім», - дейді. Жан дүниесі қазақтың даласымен біте қайнасқан талант қолына қамшы емес, қалам ұстады. Проза мен публицистиканың пырағына айналды. Ол –суреткер. Әсіресе, «Қызыл қар», «Аяз би» романдарында табиғат пен адам жанын үйлестіріп, көркемдіктің кереметін көрсетеді. Әр жылдары баспасөзде қызмет етті. «Қазақ радиосы» мен «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болды. Ол шығармашылықта да, қызмет те де ұлттың мүддесін алға қойған.

Серік Асылбек, жазушы:

Өзінің азаматтық позициясын айқын білдіруден жасқанған жоқ. Осы жағынан келгенде ол өзінің елін, халқын, шын көңілден сүйген аса белгілі сол заманның публицисті болды.

Уағында жазушы Несіпбек Дәутайұлы «1984 жылы жас қаламгер шындықтың қанын тамшылатып «Қызыл қар» повесін жазды» – деген екен. Бұл туынды әуел баста саяси сынның сойылына түссе де, кейін әділ бағасын алып, мойындалды. Жұмабай Шаштайұлының «Аспанқора», "Шал мен жылқы», «Құралайдың салқыны» сияқты классикалық шығармалары да оқырманға кеңінен танымал.

Нағашыбек Қапалбекұлы, жазушы:

Жұмабайдың да үлкен шәкірттік мектебі бар. Осы қазіргі іргелі-іргелі баспасөзде, теледидар, радиода сондай ақын жазушылар арасында өзінің мектебі бар. Бұл кез-келгенге бұйыра бермейді. Бұл өзінің жүрегінің кеңдігі, үлкен ұстаз, тәлімгер екенін көрсетеді.

Рас, Жұмабай Шаштайұлының шәкіртімін дейтін бірнеше буын бар. Ол өмірде де, шығармашылықта да ішкі тазалықты сақтап, әділдік пен арды биік қойған. Тұлғаның таразы басында шайқалмас тағылымы осы.

Ең дұрысы – арды, ұятты жасынан сақтаған. Пушкин «Капитанская дочкасында» Береги честь с молодости дейді ғой. Сол өте керемет сөз. Жасыңнан бастап, арыңды сақтауды үйрену керек.

Хабарламаларға жазылу