Салық кодексіне сән-салтанат салығын енгізу ұсынылып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Салық кодексіне сән-салтанат салығын енгізу ұсынылып отыр

12.03.2024

Құны 1 млн АҚШ долларларынан асатын мүлкі бар дәулетті адамдарға, сән-салтанат салығын салу ұсынылып отыр. Жаңа құжаттың бастапқы жобасын Ұлттық экономика министрлігі дайындады. Мамандар заң нормасын шетелдік тәжірибеге сүйеніп, жан-жақты жазып шыққан. Қазір ведомство елімізде қанша адамда қымбат мүлік бар екенін зерттеп жатыр. Алдын ала ақпаратқа сай, жеке тұлғаларда 490 яхта бар болып шықты. Мәселен, қолданыстағы яхтаның ұзындығы 5 метрден асса, салынатын салықтың сомасы шамамен 190 мың теңге.

Сондай-ақ құжатта алкоголь өнімдері мен темекілердің қымбат түрлеріне қосымша салық салу көзделген. Енгізілуі мүмкін өзгерістер халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын теңестіруге бағытталған.

Жазира Мыңбаева, ҚР Ұлттық экономика министрлігі салық және кеден саясаты департаментінің бас сарапшысы:

Жеке салық ретінде емес. Қолданыстағы салықтарды жоғарылатылған мөлшерлемені қолдану арқылы қарастыруды ұсындық. Талқыланды. Жалпы мүліктің құны 130 АЕК көрсетсе, яғни 1 млн АҚШ долларынан асатын болса, соған жоғарылатылған мүлік салығын салу қарастырылып отыр. Бұлардың бәрі қарапайым халыққа әсер етпейді. Себебі, біз алып жатқан көлемнің бәрі мысалы 5 мың текше метр жеке тұрғын үйі бар адамдар олар қарапайым халық емес қой.

Ал тұрғындар «Сән-салтанат» салығын енгізуді қолдап отыр. Заң нормасында әлеуметтік жағдай мен мүлікке қатысты ақпараттар егжей-тегжей саралануы тиіс деген пікірде.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу