Түркістандық шаруалар мақта орнына көкөніс пен бақша дақылдарын егіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандық шаруалар мақта орнына көкөніс пен бақша дақылдарын егіп жатыр

06.03.2024

Оңтүстікте көктемгі егіс басталды. Түркістан облысының Жетісай ауданында диқандар жер жыртып, көшет отырғызып үлгерді. Күн жылыса бақша дақылдары мен қауын-қарбыз егуге қамданып отыр. Әсіресе соңғы екі жылда мақтаның бағасы арзандап, ақшасын ала алмаған тұрғындар басқа дақылдар егуге көше бастады.

Жетісай ауданынының шаруалары ақпан айының жылы болуын пайдаланып, көкөністің ерте өнім беретін көшетін отырғызды. Екі айда пісіп жетілетін қырыққабатқа еуропалықтар мен ресейліктер тарапынан сұраныс өте жоғары дейді.

Алмас Арынов, Шаруа:

Мына мақта бағасының тұрақсыздығына байланысты осы көкөніс өнімдеріне ауысып жатырмыз. Жанындағы үш гектар жерге қырыққабаттың молоко деген сортын дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы қырыққабаттың етек жағына қызанақ пен қарбыз 20 наурызға таман егіледі деп жоспарлаудамыз.

Ал Сейфуллин ауылында тұратын шаруа қожалық иесі мақта еккен алқаптың орнына жылыжай салды. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 6 млн теңге алған диқан голландиялық қызанақ пен қияр көшетін еккен. Өнімділігі жоғары саналатын көкөністерді өсіруге тамшылатып суару әдісін қолданады.

Бахадыр Булишев, Шаруа:

Жылыжайда үш мәрте егеміз. Помидор, кейін қияр егеміз. Кейін көшет өндіреміз. Помидор, қиярдың табысы көп мақтаға қарағанда. Поляларда қауын, капуста егіп жатырмыз.

Жетісай ауданында көктемгі егісті ерте бастаған тұрғындар 700 гектардан астам жерге қырыққабат көшетін отырғызған. 69 мың гектар жер жыртылып, 45 мың гектар жердің соры шайылды. Мамамандар мақта алқаптары биыл үш мың гектарға азайғанын айтады.

Ерқуат Тұрғынбаев, Жетісай аудандық ауылшаруашылығы және жерқатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Барлық ауылдық округте түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, оның жаңағы субсидиясын, жеңілдіктерін барлығын түсіндіріп жүрміз. оның орнына мал азық дақылдары, жүгері мен жоңышқа алқабын көбейту жоспарлануда.

Өңірде 873 мың гектарға егін егу жоспарланған болса, күні бүгінге дейін 425 мың гектар жер жыртылған. Шаруа қожалықтарына 21 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін 3 млрд 700 млн теңгенің несиесі мақұлданған.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу