Түркістан облысында көктемгі егіс жұмыстары басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында көктемгі егіс жұмыстары басталды

18.03.2019

Бір жерден бір маусымда екі рет өнім жиып алуды көздеген Жетісай ауданының диқандары алқаптарға ерте пісетін қырықабат көшетін отырғызып, оны күтіп-баптауға кірісті. Сондай-ақ, қызылша, сарымсақ пен баялды, болгар бұрышы да егілуде.  Бүгінге дейін олар 1 мың гектардан астам жерге көкөніс пен бақша дақылдарын сепкен.

Мұхтар Ахметов биыл 5 гектар жерге қырықабат көшетін отырғызды.  Жылыжайда тұқымнан өсіп шыққан көкөніс қазір жайқалып өсіп, жапырақ орай бастады. Алқапқа қырыққабаттың «Магнус» «Джетодор» тұқымдары  егілді. Ол өзгелерге қарағанда жылдам піседі. Әрі ұзақ жолға тасымалдауға шыдамды. Диқан  көкөністің гектарынан 35-40 тонна өнім алуды көздеп отыр. Сәуір айының соңында оны жиып алған соң, орнына мақта шитін себеді.

Мұхтар Ахметов, шаруа:

Көшет алысы жаман емес. Түп саны түгел. Бас түйіп, енді-енді жапырақ орап қалды. Сәуірдің аяғына піседі  деп жобалап отырмыз. Былтыр да осындай өнім алғанбыз. Одан кейін мақта ектік.

Жетісай ауданында  осындай әдіспен биыл 3,5 мың гектарға көкөніс егілмек. Ерте көктемнен бастап топырақ қызуын сақтау үшін егіндік алқаптың  беті полиэтилен пленкамен жабылады. Қырыққабатты егуге диқандар желтоқсан айында кірісті. Алдымен арнайы жылыжайда тұқымы өндірілді.  Онан кейін өскіндерді егіс алқабына отырғызды. Көктемгі егіс қазір көптің күшімен атқарылып жатыр. Диқандар енді бірер күнде қауын-қарбыз егуге кіріспек. 

Жамантай Бейсенбаев, Жетісай ауданының әкімі:

9 мың гектар жерге биыл қауын-қарбызды пленканың астына егетін боламыз. Одан бөлек, 900 гектардан астам жерге тек қырыққабат егілетін болады. 3,5 гектарға көкөністер егіледі.

Шаруаларға ыңғайлы болу үшін ауданда логистикалық орталық жасақталды. Соның арқасында ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау ісі жеңілдеді. Әрі отандық өнімдердің эспорттық әлеуеті  еселеніп артты.Соның арқасында былтыр жиналған өнімнің дені өз елімізден бөлек, Ресей мен Белоруссияға да жөнелтілді. Диқандық кәсіппен табылған пайданың 70 пайыздайы  шетелдермен арадағы саудадан түскен. 

  

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу