Әр бала ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өзі ажырата білуі тиіс. Яғни, қорытынды жасай білу керек. Ол үшін балаға үздіксіз ақыл айтудың қажеті жоқ. Бүгін Сенат қабырғасында бала тәрбиесіне қатысты жиында осындай ұсыныс айтылды.
Руслан Қаратабанов, Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының вице-президенті:
Мәселен, мен мұғалім ретінде қоқысы бар шелекті төңкеріп тастаймын. Кім көтерді, кім көтерген жоқ. Соны бақылап отырып, мен балаларға видеоны көрсетіп қана, міне, сендердің амалдарың осындай болды. Біреулерің көтердіңдер, біреулерің көтерген жоқсыңдар деп, ұрыспай-ақ солай тәрбиелеп аламыз. Қоршаған ортамызға қамқор болуымыз керек екен ғой деген тәрбие беру мақсаттары сол қалпы қалды. Тәрбие беру амалдары өзгерді.
Оқушыларды тұлға ретінде, олардың бірегей қабілеттерін дамытуға басымдық беруге қатысты осындай түрлі ұсыныстар айтылды. Сенат Төрағасы өз сөзінде қазіргі қоғамды қалыптастырудың және ұлттық құндылықтарды дәріптеудің негізгі факторы білім, ғылым және мәдениет екенін атап өтті. Мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі де осы салаларды дамыту екенін жеткізді. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде педагог мәртебесін арттыруға және осы саладағы жас мамандарды ынталандыруға арналған реформалар іске асырылғанын тілге тиек етті. Жас буынның санасына адами және ұлттық құндылықтарды дәріптеуде мектептердің рөлін арттырған абзал, - деді Мәулен Әшімбаев.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Мектеп – негізгі үш функцияны жүзеге асыруы маңызды. Біріншісі – білім беру. Бұл ретте оқушылардың тұлғалық ерекшелігін ескеруге мән беру қажет. Екіншіден, оқушылардың бойында әртүрлі дағдыларды – «soft skills» дамыту да үлкен міндет. Қазір оқушыларға сыни және шығармашылық ойлау дағдысын үйрету, ақпаратпен жұмыс істеу маңызды. Үшіншіден, мектептің тәрбие ошағы екенін ұмытпауымыз керек.
Самал Қабышева