Кез келген адам қайырымды қоғамда, «биліктің қайнар көзі- халық» деп жазып ғана қоймай, солай екені рас мемлекетте өмір сүргісі келеді. Бұл ретте мемлекеттік билікті жүзеге асыратын билік бұтақтарына көп дүние байланысты.
Мемлекеттік қызметшілерге. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген Әлихан Бөкейхановтың бірінші кезекте білім емес, мінездің маңызды екенін меңзеуі, ең маңыздысы - қайтпас қайсар мінез. Иә, бәрі ниеттен басталады.
Алайда адамның ниеті дұрыс болуы мүмкін. Ал мінез болмаса, бәрі бекер. Жүсіп Баласағұнның «Құтты Білік» дастанында құтты қоғам құру, «кедейді орташаға, орташаны байға» жеткізіп, халыктың әл-ауқатын жақсартып, ырысын арттыруды басты мiндет деп үндейді. Бұл қазір де басты міндет.
Әбден шиенеліскен проблемалар мен мәселелер ұрпақ ауыспай шешілмейді дейтін пайым бар. Пікірталастыратын тақырып. Солай болған күннің өзінде оған дейін де алғышарттары жасалуы керек.
Ал алғышарттардың «шамы» жанып тұрғандай. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумына қатысты. «Үкіметте болсын, квазимемлекеттік секторда болсын, ел басқару ісіне араласасыздар. Әлбетте, жеке секторда да еңбек етесіздер... Қай салада болмасын, негізгі мақсат мемлекет мүддесі болуы тиіс», - деді.
Данияр Қайыртай әңгімелескен жастар да сөйдеп тұр.
Мәдина Оспанәлі – 27 жаста. Тіл және әдебиеттану маманы. Мемлекеттік тілдің бүгінгі күйі үшін күйінеді. Оның дұрыс дамуына ықпал еткісі келеді. Сондықтан былтыр жас кадрлар резервіне құжат тапсырған. Бар сыннан сүрінбей мүшелігіне өтті де. Енді мүмкіндік берілсе, Тіл саясаты комитетінде қызмет етер едім дейді. Тілді түзеу үшін, алдымен әр салада редакторлар тобын қалыптастыруды ұсынады.
Мәдина Оспанәлі, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі:
Бізде осы заң тілі мен ғылым тілі бір ізге түспей тұр. Мәселен, заңның қазақ тіліндегі нұсқаларын оқыған кезде көп адам түсінбеуі мүмкін. Басын оқып келе жатып, соңына шыққан кезде не туралы айтып отырғанын ұмытып қалуымыз мүмкін.
Ал Берік Манасов резервке 4 жыл бұрын алғашқы лекпен өткен. Сол кезде ұйымдастырушыларға өңірде жұмыс істегісі келетінін білдірген. Орайы енді келді – өткен айдан бері Тараздағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын басқарады. Ал осы күнге дейін Астанада Ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет етіп келген.
Берік Манасов, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы:
Орталық меморган мен өңірдің айырмашылығы – өңірде нақты жұмыс жасалынады, халықпен тікелей жұмыс, инвестиция тартумен тікелей жұмыс, бүкіл ситуацияны жергілікті жерде отырып білесің, проблемалармен танысасың, сосын нәтижелі жұмыс жасауға мүмкіндік көбірек.
Нұрхан Тілеумұратов та өңірдегі жұмысты құп көрген. Былтырдан бері Ақтөбедегі Хромтау ауданының әкімі. Мемлекеттік қызметке оқуын бітіре сала орналасқан. Содан бері облыс әкімдігінде түрлі сатыдағы лауазымдарда жұмыс істеді. Ал резервист атанғанда Басқарма басшылығына дейін көтерілді. Сондағы еңбегі көзге түсіп, бір министрлікке ауысудың реті де келген.
Нұрхан Тілеумұратов, Ақтөбе облысы Хромтау ауданының әкімі:
Ұсыныстар тартымды болды. Бәрі Астанада жұмыс істегісі келеді. Бірақ ауданда жұмыс істеу, халықпен етене араласу – үлкен тәжірибе әрі зор жауапкершілік. Туып өскен жеріңде қызмет ету, үлес қосу, із қалдыру – балалық арман деп айтуға болады.
Резервтегілердің мемлекеттік қызмет пен ондағы миссиясына қатысты пікірі де ұқсас.
Берік Манасов, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы:
Мемлекеттік қызмет ол тек қана билік, қол ұзару, мансап емес. Ол, біріншіден, келесі ұрпаққа мүмкіндік. келесі ұрпақтың жағдайын жақсартуға.
Нұрхан Тілеумұратов, Ақтөбе облысы Хромтау ауданының әкімі:
Мемлекеттік қызмет – халыққа қызмет ету. Енді жас кадрлар резерві тек қана мәнсаптық өсу туралы емес. Ол біз үшін салмақ, жауапкершілік. Мемлекет мүддесі – миссиямыз, ашық айтсақ.
Жас кадрлар резервінің форумында сөз алған Президент пікірі де осыған саяды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мемлекеттік қызметшінің сапасы – бүкіл еліміздің сапасы деп айтуға болады. Мемлекеттік қызмет бұл – жоғары лауазымға ие болу емес. Мәселе – мансап емес. Мәселе – мемлекетімізге, халқымызға адал қызмет ету. Мемлекеттік қызметші болу антқа адал болу деген сөз.
Президент мемлекеттік қызметшілерге тән жаңа мәдениет қалыптастырып, құндылықтарды басқаша құру мәселесіне де тоқталды. Мемлекеттік басқару институттарында «тамыр-таныстық», «жемқорлық», «көзбояушылық» сияқты үрдістер тыйылмай тұрғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елімізге білімді, еңбекқор, білікті, тәртіпті, әділ және өз ісіне жауапты мамандар қажет. Мемлекеттік қызметшілер халықтың әл-ауқатын арттыру үшін табанды еңбек етуі керек.
Президент мемлекеттік қызметте білікті салалық мамандардың тапшылығы байқалатынын айтты. Ол үшін ғылым мен бизнесте жүрген кадрларды гибридті тәсілдер арқылы мемлекет басқару ісіне тартуды жалғастыра беру керек деді.
Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
Арнайы мамандықтары бар немесе функционалдық бағыттар бойынша жұмыс жасап жатқан білікті, білімді мамандар болады. Олар 10-15 жыл құрылыста істеуі мүмкін, жеке компанияларда. Бірақ қаланың сәулет құрылысын, қаланың салынуындағы құрылыстарды жақсы білетін мамандарды біз жеке сектордан алып келіп тағайындауға мүмкіндік береміз.
Тағы бір жолы – әлдебір жобаны жүзеге асыру үшін мамандарды нарықтан уақытша жұмысқа тарту.
Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
Әуе жол қатынастары, мысалы, арнайы білім керек. Немесе ғарыш саласы. Үлкен жобалар жасаған кезде әкімдікке немесе министрлікке мүмкіндік береміз, ол сол арнайы білімі бар адамды мемлекеттік қызметке кіргізбей, шарт жасасып, бір жылға дейін, ол мемқызметші болып есептелмейді, оны жұмысқа тарта алады.
Әлихан Байменов, Астана мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитетінің төрағасы:
Мысалы, кейбір елдерде аптаның бір бөлігін қашықтан жұмыс жасап, екінші бөлігін – жұмыс орнында отыру... Бұл да мамандардың әлеуетін дұрыс пайдалануға септеседі. Тағы бір жолы – бір министрліктердің, бір мемлекеттік органдардың мамандарын екінші органға уақытша жұмысқа жіберіп тұру.
Өңір-өңірлерде білікті маман, тіпті тапшы. Ол үшін президент жас кадрлар резервінің аймақтық баламасын жасауды тапсырған. Жақында оған іріктеу басталмақ. «Бұл бастама әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық ерекшелігіне қарай шешім шығара алатын мемлекеттік қызметкерлер қосынын жасақтауға сеп болады», - дейді саясаттанушы.
Ермек Тоқтаров, ҚСЗИ Саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі:
Әр аймақтың өз ерекше бір мәселелері бар, ерекше бір экономикасы, спецификасы бар. Сондықтан бұл ерекшеліктерді білетін маманда, жастар болса, сол аумақтарда, оларды Астанаға тартпай, сол жерде қалдырып, жұмыс жасату үшін осындай мүмкіндіктер жасалады.
Президент Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің құзыретін кеңейтуді де тапсырған. Бұған қатысты саланы бұрын басқарған Әлихан Байменовтың бірнеше ұсынысы бар.
Әлихан Байменов, Астана мемлекеттік қызмет хабының басқарушы комитетінің төрағасы:
Бірінші кезекте, әкімшілік жауапкершілік туралы кодекс арқылы Агенттіктің кадрлық шешімдерді бір мемлекеттік органдар бұзған кезде беретін нұсқаулығын орындауды міндетті қылып енгізу керек. Екіншіден, барлық мемлекеттік органдардағы кадрлық қызмет, бөлімдері, департаменттерін үйлестіру құзыретін күшейтіп, мемлекеттік органдардың жұмысындағы стратегиялық персоналды басқару тәсіліне көшуді де Агенттікке жүктеген абзал.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызмет жүйесінде жасанды интеллектіні тиімді қолдану қажеттігін де сөз етті. Агенттік төрағасы мұндай технологияны жұмысқа қабылдау үдерісіне енгізу жоспарланғанын айтты. Қазір іріктеу, тест тапсыру сияқты кезеңдер онсыз да толық цифрландырылған.
Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
Бәрі автоматты түрде, адами факторсыз, сіздің қатысып жатқаныңызды ешкім білмейді. Себебі сіз қатысқаннан бастап сізге идентификациялық номер беріледі. Соңғы этап бар, конкурс сұхбат өткізу, біз соған жасанды интеллектіні қоссақ па деген, соған жұмыс жасап жатырмыз.
Данияр Қайыртай, тілші:
Мемлекеттік қызметті тартымды қыла түсу үшін еңбекақыны көтерудің маңыздылығын да айтты, Президент. Тіпті, таңнан қара кешке дейін, уақыт санамай жұмыс істейтіндерге өтемақы төлеу жүйесін енгізуді ұсынды. Ал баспана мәселесін шешу үшін Сингапурдың тәжірибесін игеруді тапсырды. Жайлы жағдай жасалса, қоғамның талабы да қатая түсетіні бар. Айталық, қазір олар жас маманның жүйеге жұтылып кетпесіне сенгісі келеді. Резервтегілер сендіре ала ма?
Берік Манасов, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы:
Системаның дұрыс емес көзқарастарына жаңа форматта, новациялық көзқараспенен шешім қабылдау керек сәттер көп туындайды. Ол жерде мінез болмаса, шешім қабылдау қиынырақ.
Мәдина Оспанәлі, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі:
«Мемлекеттік жүйе сендерді сындырады», «мемлекеттік жүйе адамды өзгертеді» деп жатады. Бірақ мен керісінше, «мемлекеттік жүйе бізді өзгертеді» емес, «біз мемлекеттік жүйені өзгертеміз» деген жастардың бойында бір жалынды байқадым.
Данияр Қайыртай