Елімізде Президент сынынан кейін жаңа салық кодексі әзірленіп жатыр. Ұлттық экономика министрлігінде арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына бизнес өкілдері де кірген. Жалпы қазіргі салық кодексінде не дұрыс емес? Сарапшылар, кәсіпкерлер не дейді? Тілшіміз тарқатсын.
Дастан Мәмішев жылдам тамақтану орталығының иесі. 20-дан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Десе де тапқанының 90 пайызы азық-түлік алып, түрлі міндетті төлемдерді, жалақы мен салықты төлеуге кетеді. Айтуынша елде бизнесті қолдау шаралары тиімді іске асып жатыр. Бірақ даму үшін салық жеңілдіктері жасалса дейді.
Дастан Мәмішев, кәсіпкер:
Бұл мәселені егер қолдайтын болса, бүкіл кәсіпкерлерге тиімді болады. Кәсіпкерлер ғана емес, тұтынушыларға да тиімді болады. Себебі соның арқасында біз тағамдарымыздың, өніміміздің бағасын орта бағада ұстап отыратын боламыз.
Дастан сияқты қолдауға мұқтаж кәсіпкерлер жетерлік. Көбі "Атамекен" палатасына жүгінеді. Мұндағы сарапшылардың айтуынша қазір елде түрлі төлемдерді айтпағанда салықтың 11 түрі бар. Бұл тым көп. Тіпті, бизнестің дамуын тежеп отыр дейді. Өйткені адамдар бизнес бастар кезде салықтың көптігінен қорқады екен.
Еркебұлан Бейімбет, Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:
Бізде салықтың көптігі ғана емес, бұл жерде қанша салық төлеу керек екені нақты белгіленбеген. Яғни салықтық ауыртпашылық белгіленбеген. Тіпті кейбір жағдайда салықтар, ОСМС, мед сақтандыру, зейнетақы қорына төлейтін төлемдердің бәрін қосқан кезде 30, 40 тіпті табыстың 50 пайызынан асып кетуі мүмкін.
Әрине, бұл кәсіптің көркеюіне емес, көлеңкеге кетуіне итермелейді. Бұл сарапшылардың пікірі. Сондықтан салықты көтергенше, оны цифрландырып, көлеңкелі бизнеспен күресті күшейту керек дейді олар. Өйткені тапқанын жасырып, салық төлеуден жалтаратындар азаймай тұр. Тіпті, бюджетке салықтық түсімдер әлі төмен. Мәселен, өткен жылы 19 триллион теңгедей салық жиналды. Бұл бюджеттің 75 пайызын ғана толтырады. Ал жетіспейтін қаржыны әлі Ұлттық қордан алып отырмыз.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
Осы статистиканың өзі салық жүйесіне күрделі реформалардың қажет екенін көрсетіп отыр. Осы уақытқа дйін салықтың өзі кейбір мүдделі топтардың ыңғайына қарай жасалған деп айтуға негіз бар. Көптеген салық төлейтін ірі кәсіпорындардың кейбір салықтары салық кодексін айналып өткен.
ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІ ӘЗІРЛЕНІП ЖАТЫР
Енді мұндай заңсыздыққа жол бермеу керек дейді депутаттар. Сондықтан жаңа салық кодексі түсінікті тілмен жазылған кітап секілді болуы керек. Өйткені қазіргісі тым күрделі дейді.
Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Шынын айту керек, оны кәсіпкерлер емес, оны салық органдарының мамандары да толық қанды білмейтін шығар деп ойлаймын. Сондықтан салық кодексі өте жеңіл болуы керек. Оқуға жеңіл түсінікті болуы тиіс. Екінші үлкен мәселе ол жерде есеп беруді жеңілдету керек. Есеп беру де көп. Оны да азайтуымыз керек.
Бұған дейін мемлекет басшысы салық кодексін сынға алып, елде салық салу жүйесін өзгерту керектігін айтқан. Кейін іле шала қосымша құн салығын 12-ден 16 пайызға көтеру туралы бастаманы Үкімет тоқтатқан еді.
Досжан Маратұлы, тілші:
Қазір Ұлттық экономика министрлігінде жұмыс тобы құрылып, жаңа салық кодексі әзірлене бастады. Оның құрамына салықшылар, депутаттар ғана емес бизнес өкілдері де кірген. Енді олар өгізді де өлтірмейтін арбаны да сындырмайтын амал ойлап табуы тиіс. Өйткені президент кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік жасауды, бірақ сөйте тұра бюджетке түсімдерді арттыруды тапсырған болатын.