С.Сейфуллин негізін қалаған мектеп ғасырлық мерейтойына әзірленуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

С.Сейфуллин негізін қалаған мектеп ғасырлық мерейтойына әзірленуде

26.06.2016
С.Сейфуллин негізін қалаған мектеп ғасырлық мерейтойына әзірленуде

Қарағанды облысының Ахмет ауылында Сәкен Сейфуллин атындағы мектептің 100 жылдық мерейтойы тойланғалы жатыр, деп хабарлады www.24.kz. 

Айтулы мереке қарсаңында білім ошағының жанындағы қоғамдық мұражай құнды жәдігерлермен толықты. Мерейлі мектептің негізін 1916 жылы Нұра ауданында Сәкен Сейфуллин қалаған екен. Бір ғасырлық тарихы бар білім ошағы талай мәрте қайта құрылды, орнын да ауыстырды.

Соған қарамастан, мектеп мұражайы ұлтымыздың ұлы перзенті, халықшыл қаламгердің өмірінен сыр шертетін талай құнды деректі көздің қарашығындай сақтап келеді. Қазір мұнда 450-ге жуық жәдігер бар. Көне суреттер, тұрмыстық бұйымдар мен қазақ әдебиетінің өсіп-өркендеуіне негіз болған түпнұсқаларды кездестіруге болады.

Бүгінде мектепте 200-ден астам бала білім алады. Олар Сәкен оқуларына, ғылыми жобалар мен зерттеу жұмыстарына белсене қатысып жүр.

 «Біздің оқушылар кезінде осы мектепте оқығандар жайында мәліметтер іздеп табуға тырысты. Жазбаларға сүйенсек, 40 оқушы болған екен. Біз олардың 20-сының тізімін жасадық. Сәкен Сейфуллиннен білім алғандардың ұрпақтары бар. Олар үшін бұл үлкен мақтаныш. Ақынның рухына деген құрмет», - дейді С.Сейфуллин атындағы мектептің директоры  Атымтай Балабиев. 

Хабарламаларға жазылу