Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатарға алғаш рет мемлекеттік сапары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатарға алғаш рет мемлекеттік сапары

18.02.2024

2010 жылы ФИФА – Халықаралық футбол федерациясының атқарушы комитеті 2018 жылғы әлем чемпионаты Ресейде, ал 2022 жылғы дода Қатарда өтетінін хабарлағанда «Мәссаған, рас па?» демеген адам аз. Әсіресе Қатарға байланысты. Себебі 2022 жылғы чемпионатты өткізуге таласқан мемлекеттердің ішінде АҚШ басты фаворит етін. 2010 жылғы дайындығы нөл болса да, тыңдағанда бас шайқайтын Қатар жоспарына ФИФА шенеуніктері аһ ұрды... Шикізатқа байланған - газ және мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдаушы елден экономикасы әртараптандырылған мемлекетке айналамыз деген стратегиялары таңдай қақтырды. Ақыр соңында Қатар футболдан әлем чемпионатына 200 млрд доллар жұмсады.

Ал ресми мәліметке сенбеген Bloomberg шынында $300 млрд жұмсады деген ақпар таратты. Қатардың сол чемпионатты өткізу үшін саяси, экономикалық инструменттерді ұтымды пайдаланғанын бәрі жазды. Айыптауға толы материалдар шықты. «Сатып алды» дегендер мысалдар келтірді. Бірақ, құйттай мемлекет қыңқ етпеді. Үлкен арманға жету жолында барлық құрал жақсы деген принципті ұстанды. Жетті - жаңа белеске көтерілді. Экономика жағынан да, саяси тұрғыдан да. Тіпті тұрғындарының басым көбін шетелдік мигранттар құрайтын мемлекетке еңбек, басқа да құқықтарға орай сын көп айтылатын, соларды шешуге ынталанды. Ал 2017 жылы дипломатиялық байланысты үзген Бахрейн, Сауд Арабиясы, Египет тағы бірнеше ел Қатармен 2021 жылы татуласатын келісімге қол қойды... 

Сондықтан араб әлемі, Парсы шығанағындағы шегедей мықты мемлекетке Президенттің мемлекеттік сапарының маңызы зор. Инвестиция мен технологиялық трансфер жағынан пайдасы қомақты болады деген үмітті оятады. Қазақ-Қатар инвестициялық форумда Қасым-Жомарт Тоқаев «18 млрд долларға жуық коммерциялық жобаларға қол қоямыз» деп леп белгісін қойып кетті. 

Мемлекет әмірі Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездескенде екіжақты сауда көлемін жарты миллиард долларға дейін ұлғайтуды ұсынды. 
Қатар компанияларын геологиялық барлау, мұнай химиясы, мұнай мен газды тасымалдау, өңдеу жобаларына, кобальт, литий және басқа да сұранысқа ие аса маңызды шикізат түрлерін өндіру және өңдеу ісіне шақырды. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестікке де үміт артатынын атап өтті.
Айтпақшы, Қатар 2008 жылы 2030 жылға дейінгі дамуды қамтитын стратегиялық құжат қабылдаған. Ондай құжат бізде де болған. Біз 1997 жылы қабылдағанбыз. Қатарда барыс жоқ. Бірақ символдық жағынан оларға көбірек келетін сияқты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапарын Данияр Қайыртай баяндайды. 

Данияр Қайыртай, Тілші:

Мұнай мен газдан түскен табыстан байыған Қатар мемлекетінің Таяу шығыстағы геосаяси ықпалы күшті. Ал экономикасы Парсы шығанағы елдері арасында ең қарқынды өсіп келе жатқан ел.
Әсіресе, Украинадағы соғыстың кесірінен әлемде энергетикалық дағдарыс орнағаны Қатар экономикасына жағып жатыр. Ресей – санкция құрсауында, ал АҚШ-тың газ өнеркәсібінің кейбірі жөндеу үшін уақытша жабылғандықтан Қатар өндіретін табиғи газға сұраныс артып, тиісінше шикізат қымбаттай түскен.

Нуриддин Сұлтанмұратов, Әл-Фараби ат. ҚАЗҰУ «Аймақтық қатынастарды талдау» ҒЗО сарапшысы:
Ал энергетикалық ресурстар өте үлкен саяси ықпал береді. Сондықтан Қатардың ықпалы өсіп келе жатыр, соңғы жылдары. Қатармен қарым-қатынастарды одан әрі тереңдету, стратегиялық қарым-қатынас орнату біз үшін өте маңызды.
Жанат Момынқұлов, Шығыстанушы:

Қатар – қатардағы мемлекет емес. Оның артында үлкен АҚШ тұр. Франциямен, Қытаймен, Түркиямен, Иранмен Сауд Арабиясымен өте жақын қарым-қатынастары бар, Израильмен де контактілері бар. Міне, осы тұрғыдан келгенде, Қатар үлкен геосаяси ойыншы. Қазақстанның серіктес іздеп барғаны әрі Қазақстан үшін де, әрі Қатар үшін де маңызды болып тұр.
Серіктес іздеп барғанда, Президент, бұрыннан бар дипломатиялық байланысты «стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеруге» ұсыныс тастай барды. Қатардың да Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүддесі бар сияқты. Мемлекет басшысын әуежайдан Әмірдің өзі күтіп алды.
Ал кейін «Diwan Amiri» дейтін сарайда салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Құрмет қарауылы сап түзеп тұрды. Екі елдің әнұраны шырқалды.

Данияр Қайыртай, Тілші:

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарға алғаш рет мемлекеттік сапар жасап отыр. Екі жыл бұрын Қатар экономикалық форумына қатысу үшін Дохаға жұмыс сапарымен келген еді. Әмір қолқалаған соң Президенттің жоспардағы кестесінен тыс сапар болғаны айтылған, сонда. Сол жылы шейхтің өзі Қазақстанға мемлекеттік сапармен, ал былтыр жұмыс сапарымен барып қайтқан.
Президент екі жақты келіссөз кезінде Қатарды «ислам әлеміндегі сенімді әрі маңызды серіктесіміз» деп атады. Сапар барысында бекитін құжаттар «ынтымақтастықты стратегиялық деңгейге көтеретінін» айтты. Әрі Қатардыжақын болашақта Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың ондығына кіреді деп есептейтінін жеткізді.
Қазақстан Қатар нарығына құны 250 миллион доллар болатын 60 түрлі шикізаттық емес тауардың экспортын ұлғайтуға бейіл. Алсауда-саттық көлемінжуық арада500 миллион долларға дейін арттыру көзделіп отыр. Қазір тауар айналымы 10 млн долларға да жетпейді. Сонда 50 есе өсіру қаншалықты мүмкін?

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

10 млн мен 500 млн арасында тек логистика тұр. Логистиканы тапсақ... Біздер қазір оны тек әуе каргосы арқылы таптық. Ал былай жол жасаса теміржол арқылы, мысалы, Иран арқылы, ол деген оңай емес, бірақ жол табылса, 500 млн да аз болады.
Нуриддин Сұлтанмұратов, Әл-Фараби ат. ҚАЗҰУ «Аймақтық қатынастарды талдау» ҒЗО сарапшысы:

Қарап отырсақ, Қатардың импорты 30 млрд доллар, Қазақстанның импорты 50 млрд доллар. Егер осы екі факторды ескерсек, онда бұл межеге жету мүмкін. Бірақ ол үшін тұрақты жұмыс істеу керек, екі мемлекеттің үкіметі бірігіп, қандай салалар, қандай жобалар бар, оларға қандай тауарлар керек, бізге қандай керек – осы тұрғыдан жұмыс істеп көбейтуге болады.
Келіссөзден соң екі ел делегация мүшелері 9 түрлі құжатқа қол қойды. Соның бірі – Қазақстаннан Қатарға барған жұмыс күшін жалдауды реттеуге арналған үкіметаралық келісім. Халықаралық еңбек нарығы ретінде қалыптаса бастаған бұл ел білікті мамандарға мұқтаж. Сосын газ саласына қатысты 4 жоба бойынша жалпы құны 11 млрд доллар болатын инвестициялық келісімшарттар бар.

Санжар Жаркешов, «Qazaqgaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:

Төрт жобаның бірі – Ақтөбе-Қостанай магистралды газ құбыры. Бұл құбырдың мақсаты – осы өңірлердегі халықты газбен қамтамасыз ету. Екіншісі – мегажоба. Бейнеу-Бозой-Шымкент магистралды газ құбырының екінші тармағы. Үшінші және төртінші жоба – ол Қашағанда екі газ өңдеу зауыттары.
Қашағандағы бір зауыттың жылдық өндіріс қуаты – 1 млрд текше метр,ал екіншісі жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдейді. Бұл – тауарлық газдың өндірісін ұлғайтып қана қоймай, Қашағанда мұнай игеру көлемін де арттырмақ. Әрі Ресей және Қытай компанияларымен серіктестік орнатқан «QazaqGaz» үшін Қатар холдингімен байланыс контрбаланс ретінде де пайдалы. Энергетика саласын қамтитын келісімдер мұнымен шектелмейді.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы:

РІН холдингпен 1,1 ГгВт қуаттылығымен Қызылорда өңірінде газ станциясын салатын боламыз. Бұл жоба, біріншіден, шет ел инвестициясын тартады. Басқа жағынан бұл біздің электр энергетика жүйемізді күшейтеді.
Ал Ертіс өзенінде салынатын су электр станциясы Абай облысын электрқуатымен қамтуда қазіргі Шүлбі станциясына балама болмақ.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы:

Небрас пауэр компаниясымен Абай облысында 350 мВт қуаттылығымен гидроэлектростанция саламыз. Бұл жоба көмірсутек бейтараптығына тиісті үлес қосады деп ойлаймыз.
Инвестициялық жобалардың тағы бір парасы Қатар кәсіпкерлерімен өткен дөңгелек үстелде талқыланып, құжат болып бекіді.

Данияр Қайыртай, Тілші:

Мұнда қазір қазақ-қатар инвестициялық форумына қызу дайындық жүріп жатыр. Жиыннан кейін қаржы, энергетика, телекоммуникация, ауыл шаруашылығы салаларына қатысты мына тұрған 5 түрлі коммерциялық құжатқа қол қойылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан Орталық Азияда тікелей шетелдік инвестиция келетін негізгі ел болып қалуы үшін ең жоғары әлемдік стандарттарға сай жаңа инвестициялық циклды іске қостық.Қатар компанияларын бизнес жүргізу үшін тың мүмкіндіктерді қарастырып, Қазақстан нарығына инвестиция салуға шақырамыз.
Ал мемлекет инвесторға салық пен кеден жеңілдіктерін ұсынады. Қажет болса, жобаларға бірлесе қаржы салады. Тіпті, қандай да бір кепілдік беріп, экспортқа шығу тетіктерін қарастыруға дайын. Тек, әзірге, іскерлік белсенділік жетіспей тұр. Сол үшін, президент, қазақ-қатар бірлескен комиссиясы мен Іскерлік кеңес сияқты шала-жансар ұйымдарды «тірілтуді» ұсынды. Әрі кәсіпкерлердің назарын Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетіне аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз Транскаспий халықаралық көлік бағытынан немесе Орта дәліздің дамуынан зор үміт күтеміз. Қатар компаниялары мен қаржы институттары осы саладағы бизнес пен инвестиция мүмкіндіктерін қарастыру арқылы қомақты пайда табады деп санаймыз.
Мұны Қатардың қалталы азаматтары да жақсы түсінеді,-дейді сарапшы.

Жанат Момынқұлов, Шығыстанушы:

Қазақстанды логистикалық хаб ретінде көріп отыр. Қатар үшін Қытайға, Ресейге шығатын жол, сауданы арттыру үшін маңызды болып отыр. ОА мемлекеттері үшін де Қатар жақсы бір шығыс болатын түрі бар, өйткені ОА-ға қазір халқының әл-ауқатын көтеру, инвестицияны сырттан тарту керек болып тұр.
Ал аграрлық саладағы серіктестікке екі ел де мүдделі. Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемнің 80-нен астам еліне экспорттайды. Қатар нарығына да табиғи, таза әрі халал өнімдер жеткізуге ниет бар. Осы саладағы жобаларға қаражат салғысы келетін инвесторларға да есік ашық. Мәселен, Хассад Фуд компаниясы Астана маңынан 200 млн долларға бидай мен бұршақ өңдейтін зауыт салуға бейіл.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Бидайды терең өңдеу, горохты терең өңдеу зауыты салынатын болады. Бұдан аламыз, клейковина, крахмал, глюкоза, фруктоза сиробын аламыз. Оның барлығын Америкаға экспорттауға сұраныс бар. Қытайға сұраныс бар.
Тағы бір қатарлық компания Алматы облысындамал шаруашылығына қатысты жобаға 300 млн еуро инвестиция салмақ.Ал біз Қатарға қой етінің экспорт көлемін ұлғайту міндетін алдық.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Біз қазір мұнда бірінші рет қойдың етін әкеліп отырмыз. Биыл 1 млн 300 долларға әкелдік экспортты. Бірақ қазір көбейтеміз. Мұнда қой етін әкелсек, 7-7,5 доллар болады келісі. Өте, бәсекелестікке жарайтын баға. Сапасы өте жоғары.
Арман Исағалиев, Қазақстанның Қатар мемлекетіндегі төтенше және өкілетті елшісі:

Қатардың 2030 ж дейінгі стратегиялық бағдарламасында азық-түлік қауіпсіздігі деген ең маңызды мәселелердің бірі ретінде енгізілген. Сондықтан ауыл шаруашылығы дамыған елімізге үлкен сеніммен, көңілмен қарайды.
Енді бір бағыт – телекоммуникация. Қатардың осы салаға бейімделген холдингі көптен инвестор табылмай келген «Қазақтелекомға» тиесілі Теле2 және Алтел брендтерін сатып алмақ. Осылайша олар Қазақстан нарығында негізгі ойыншылардың біріне айналады.
Бұдан соң Президент Қатардың Консультативтік кеңесінің мүшелері, яғни депутаттары алдында сөз сөйледі. Екі жақты қарым-қатынастар мен аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты пікір білдірді. Бұл мінберден шет ел басшысы бұрын-соңды сөйлеп көрмеген.

Арман Исағалиев, Қазақстанның Қатар мемлекетіндегі төтенше және өкілетті елшісі:

Бұл деген Қатар мемлекетінде бұрын болмаған жағдай. ++ Бірінші рет Қазақстан Президентіне құрметпен қарап жатқаны соншалықты парламент мүшелерін шақырып, сөз сөйлеуге мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысына көрсетілген құрметтің белгісі ретінде Қатардың негізін қалаған Джасим бен Мұхаммед бен Тәнидің қылышы табысталғанын да айтуға болады. Бұл – осы елдіңең жоғары мемлекеттік символы. Оны Қатар мен бүкіл адамзаттың дамуына қосқан үлесі үшін бұған дейін үш-ақ елдің көшбасшысы алған.

Данияр Қайыртай, Тілші:

Сонымен Президент бастаған Қазақстан делегациясы Қатардан 18 млрд доллар инвестициямен елге аттанды. Бұл екіжақты байланыста бұрын-соңды болмаған көрсеткіш, бұған дейін Қатардың қалталылары Қазақстанға санаулы миллион ғана қаражат салып келген. Сарапшылар бұл сапарға «тарихи» деген тіркесті жалғап отырғаны да сондықтан.
Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу