Абай облысындағы алапат өрт қарсаңында бақылау камералары өшірілген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысындағы алапат өрт қарсаңында бақылау камералары өшірілген

12.02.2024

Абай облысындағы алапат өрт қарсаңында бақылау камералары өшірілген! Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында осындай дерек айтылды. Онда орман өрті мәселесі қаралып, Экология және табиғи ресурстар министрі мен Төтенше жағдайлар вице-министрі тілсіз жауға қарсы тұру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын баяндаған еді. Алайда депутаттардың оған көңілі тола қойған жоқ. Тіпті, екі ведомстваның есебі екі бөлек деп, премьер-министрге шағымданды.

Биыл жаз жылдағыдан гөрі ыстық болады. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бұл. Сондықтан Қостанай, Абай облысындағы секілді өрттердің алдын алып, тілсіз жауға қарсы тұру үшін дайындық қызу. Тіпті орманшылар мен өрт сөндірушілерге беріліп жатқан киім мен су жаңа техниканы Мәжіліске әкеліп, көрме ұйымдастарды. Мұны депутаттар суретке түсіріп, әлеуметтік желіге салғаны сол еді. Кері жауап көп күттірмеді.

Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Көптеген өрт сөндірушілердің өздері жазып жатыр. Мұндай нәрсені көрген жоқпыз ғой деп. Өйткені ауданға да, ауылға да жетпеген.

Иә, жетпеген. Экология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша аудан ауылдарды толық қамту үшін бір-екі жыл қажет. Тиісті қаржы бөлінген. Жұмыс жүріп жатыр.

Мәселен, министрлік өзге де жауапты ведомствалармен бірігіп, өрттің алдын алу үшін 2023-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіткен. Оны іске асыру үшін 68 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл қаражатқа тозған материалдық техникалық база жаңарады. Мыңнан астам трактор, өрт сөндіретін көліктер мен патрульдік машиналар мен тағы сонша тіркеме, цистерна сияқты керек жарақ алынады. Өртті бақылайтын мұнаралар салынады. БЕЙНЕҚОР Тіпті елдегі барлық орманда өртті ерте анықтайтын ақылды жүйелерді орнату көзделген. Әзірге ол бірнеше ұлттық паркте ғана бар.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

Егерде біз Бурабайды алсақ 2021 жылдан бастап орнатты ғой бұлар. Соның өзінде пожардың көлемі 80 гектар болса бұрында, қазір 1,5 гектарға түсірген. Сол себептен бұл өте нәтижелі жүйе.

Бұл жүйе дамыған елдерде баяғыдан бар. Бізге де керек ақ. Өйткені өрт саны артып барады.

Бауыржан Сыздықов, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі:

Егер 2018 жылы ол 358 болса, 2023 жылы 810 өртке жетіп отыр. Сондай-ақ өрт шарпыған аумақтың ауданы өсіп отыр. Мысалы 2022 жылмен салыстырғанда өрттің ауданы 13% өсті. Залал 8 есе ұлғайды.

Алысқа бармай, соңғы екі жылды алайық. 100 мың гектар орманды қызыл жалын күл қылды. Табиғатқа келтірілген залал көлемі 182 миллиард теңге. Жасыл желектің қалпына келуі үшін кемі 20-30 жыл қажет. Оның үстіне қаншама құтқарушы, орманшы, тіпті қарапайым тұрғындар тілсіз жаудың құрбаны болды. Бір ғана Абай облысындағы өрттен 14 адамның опат болғаны белгілі. Депутат ормандарға ұялы байланыс желісін тартса, мұндай қайғылы жағдай болмас еді дейді.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Неге? Өйткені біз сондағы азаматтармен барып сөйлескенде солар айтты, ана орманның ішіндегі жігіттердің қайтыс болып кеткен себебі телефон істемеді сондықтан олар хабар бере алмады біз осы жердеміз деп. Осы сұраққа кім нақты жауап береді маған.

Бірақ нақты жауап болмады. Есесіне прокуратура өкілдері тергеуге қатысты мән-жайды жайып салды. Айтуларынша, осы Абай облысындағы алапат өрт қарсаңында камералар сөндірілген.

Дәулет Ақылбеков, ҚР Бас прокуратурасы сотқа дейінгі тергеу қызметінің бастығы:

Камера өшіп тұрған. Өйткені «Семей Орманы»-ның Карнаухов деген қызметкері батареяларын ауыстырған. Бірақ қайта қосуды ұмытып кетіпті. Кейін біраз уақыттан кейін өрт шыққан. Тергеу жалғасып жатыр. Оның үстіне ағаштарды заңсыз кесудің 20-дан астам фактісі де анықталды.

Жалпы Үкімет сағаты 3,5 сағатқа созылды. Өйткені депутаттар сұрақты қарша боратты. Десе де,  жөнді жауап ала алмады. Сондықтан өртке қарсы мәліметтері екі бөлек болып, дайындықсыз келген жауаптыларды сынға алып, премьер-министрге шағымданды.

Досжан Маратұлы, тілші:

Айтпақшы көп сауалдың бірі орманшылардың жалақысына қатысты. Былтыр ол 100 пайызға көтерілгені белгілі. Десе де, барлығыныкі емес басшылық қызметтегілердің ғана айлығы өскен. Экология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша енді көктемде орман шаруашылығында жүргізуші, бухгалтер секілді қарапайым қызметкерлердің жалақысына да 75 пайыз үстемақы қосылмақ.

Хабарламаларға жазылу