Басты Жаңалықтар Су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Батыс Қазақстан облысында түлектер емтиханнан соң өзенге барып, үшеуі суға батып кетті. Олар рұқсат етілмеген аумақта шомылған дейді мамандар. Биыл 10 күнде 10 адам суға кетті. Оның 7-уі бала. Жалпы, елімізде 50 мыңнан аса су айдыны бар. Судағы қауіпсіздік шаралары қандай? 
Назерке Өтеген, тілші:
Мамандар мені 2 минутта құтқарып үлгерді. Бірақ кейде суға батқан адамды аман алып қалуға кеш болады. Себебі олар көбіне рұқсат етілмеген аймақта шомылады. Соның кесірінен суға түсу маусымы басталғалы 10 адам ажал құшты.
Былтыр елордада 3 адам суға кетті, екеуі бала. Әдеттегідей ата-ананың салғырттығы, ересектердің ескертуді елемеуі. Әйтпесе құтқарушылар таңнан кешке дейін қауіпсіздікті қадағалаудан тынған емес. Биыл да сол. Есілге ешкім батпасын деп, 10 шақырымға созылған өзеннің әр екі шақырымын 1 катер тізгіндеген маман күзетіп жүр.
Әрлен Бүркітбай, қалалық ТЖД бастығының орынбасары:
Қазіргі таңда ТЖД–дан 40 шақты жеке құрамы және 5 жүзу құралы күнделікті таңғы сағат 07:00-ден кешкі сағат 21:00-ге дейін кезекшілік атқарады. Ұшқышсыз ұшу аппаратын қолданамыз. Және бейнекамералар бар. Біздің кезекшілер отырады. Шомылуға тыйым салынған аймақтарды бақылап отырамыз.
Жалпы, биыл 733 су айдынында шомылуға рұқсат берілген. Оның 257-сі коммуналдық, 433 жеке жағажай. Қауіпсіздікке баса мән беріледі. Ескертуді елемегендерге айыппұл салынады.
Әсет Жылқайдаров, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды алдын алу комитеті төрағасының орынбасары:
Әкімшілік құқық бұзушылықтың 412-бабы бойынша 2026 жылғы 265 әкімшілік хаттама толтырылды. Аталған бап жеке тұлғаларға 7 АЕК, шағын кәсіпкерлік обьектілеріне 10 АЕК, орта кәсіпкерлерге 20 АЕК, ірі кәсіпкерлік субьектілеріне 60 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді.
Енді шағын көлемдегі кемелерді қауіпсіз басқару министрлік деңгейінде қадағаланады. Тасымал құралы 1 шілдеден бастап тексеріледі. Сондай-ақ 200-ге жуық жылжымалы құтқару бекеті құрылып, жағалау маңына жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін бақылау камералары орнатылады. Мұндай жүйе қазірдің өзінде Алакөл көлінде, Қапшағай су қоймасы мен Алматы қаласының су айдындарында жұмыс істеп тұр.

Бөлісу