Басты Жаңалықтар Ертең футболдан Әлем чемпионаты басталады

Ертең футболдан Әлем чемпионаты басталады

Швейцария құрамасы өзіне жаңа база іздеп жатыр. Өйткені тұратын жерлерінен улы жыландар табылған. Ал Африка континентінің үздік төрешісін АҚШ-қа кіргізбей қойған. Төрткүл дүние терміле күткен теңбіл доп тартысына бір-ақ күн қалды. Сайдың тасындай іріктелген құрамалар сайысқа дайын ба? Фавориттер кім?

Гранит Джака бастаған швейцариялық саңылақтар күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Оған себеп – улы жыландар. Құрама орналасқан база маңын жорғалаушылар қаптады деген ақпарат тарады. Кәрі құрлық өкілдері енді жаңа қонақ үй іздеп жатыр.

Ал Африка құрлығының үздік төрешісі – Омар Артан АҚШ-қа кіре алмаған. Мундиаль матчтарына төрелік етуі керек болған Сомали өкілі 11 сағаттық сұрақ-жауаптан кейін еліне қайтарылған. Құрама Штаттардың көші-қон органдары бұл жағдайға қатысты пікір білдірмеді.

Сондай-ақ бұл жолғы мундиаль футбол тарихындағы ең қымбат турнир болғалы тұр. Орта деңгейлі матчтарға кіру құнының өзі бірнеше мың долларға дейін шарықтаған. Ал финалды тамашалағыңыз келсе, 8 600 долларыңыздан айырылуға дайын болыңыз. Стадиондарға апаратын транспорттар да ақылы болады. Матч кезінде өзіңізді үлкен экраннан көргіңіз келсе, 80 доллар төлейсіз.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Десе де, футбол үшін аталған факторларды пысқырмайтындар жетерлік. Өйткені Әлем чемпионаты 4 жылда бір келетін футбол тойы. Миллиондар ойынына еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін жанкүйерлік ететіні күмән жоқ.

Әлем чемпионаты осы жолы үш бірдей елде – АҚШ, Канада және Мексикада ұйымдастырылып отыр. Матчтар Ванкувер, Торонто, Мехико, Атланта, Бостон, Канзас-Сити, Майами, Нью-Йорк және Сан-Франциско сынды 16 қалада өтеді. Биылғы додада тұңғыш рет 48 құрама 104 матчта бақ сынайды. Фавориттерге келсек, сарапшылардың ойы мынадай:

Есей Жеңісұлы, спорт журналисі, комментатор:

Франция, Испания, сосын Португалия мықты. Германияны бұл тізімге қоса алмаймын. Англияда көп нәрсе Тухельге байланысты. Англия осыған дейін екі рет Еуропа чемпионатының финалында ойнады. Сол рухты жалғастыра ала ма? Бірақ ол кезде Англия финалға жеткенімен, ойыны нашар болған. Бірақ Кейн сияқты ойынның қаһармандары үлкен табысқа жетіп кетсе екен деп те тілейсің ғой.

Иә, 48 команда болса, 48 елдің халқы өз құрамасы үшін тақым қысып, жеңісін тілейтіні сөзсіз. Әсіресе тарихтағы үздік ойыншылардың бірі Криштиану Роналдудың кубок көтергенін көргісі келетіндер басым. Өйткені футболда қандай марапат болса, барлығын екі еселеп жеңген аңыз ойыншыға осы трофей ғана жетіспей тұр.

Биыл Чемпиондар лигасында жарқыраған Хвича Кварацхелия, үздік сұрмергендердің бірі Роберт Левандовский, Коул Палмер, Трент Александр-Арнольд, Фил Фоден сияқты жұлдыздарды, сондай-ақ Италия құрамасын алаңнан көре алмаймыз. Өйткені мундиальға жетер жолда сүрініп, жолдама ала алмады. Дегенмен Роналду, Месси, Неймар мен Модрич, Мюллер және Нойер сынды XXI ғасырдың аңыздары жанкүйерлерге шаттық сыйлауға дайын.

Самат Нұртаза, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, футбол жанкүйері:

Футбол деген ылғи да мейрам ғой. Оның үстіне үш мемлекетте қатар жүріп жатыр. Сондықтан жаңадан жұлдыздар пайда бола ма, жарқ ететін таланттарды көреміз бе деген сияқты. Жақсы футбол болады деп ойлаймын. Өз басым Нидерланды құрамасына жанкүйермін.

Иә, мундиаль жас дарындардың талантын ашатын жарыс. Әлемнің маңдай алды клубтары әр ойыншының аяқ алысын бақылайды. Бұған дейінгі турнирлер әлемге Майкл Оуэн, Франц Беккенбауэр және Хамес Родригес сияқты таланттарды сыйлаған.

Әлем чемпионаты осымен 22-рет өткелі отыр. Осы аралықта тек 8 құрама ғана кубокты жеңе алған. Биыл бұл тізімге жаңа команда енеді деген үміт бар.

Бөлісу