Қостанай облысында жылу желісінің 40 пайызға жуығы тозып тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында жылу желісінің 40 пайызға жуығы тозып тұр

12.02.2024

Қыс түскелі Қостанай облысындағы Лисаков қаласының жылу желісінен 20-ға жуық ақау шықты. Алайда оның бәрі үйлерге жылу беруді тоқтатпай жөнделген. Қауіптің алдын алу үшін шағын шаһарда инфрақұрылымды жаңарту жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Бұл бүкіл Лисаков қаласын жылумен және ыстық сумен қамтитын орталықтың басқару бөлімі. Жүйенің жұмысын жыл он екі ай, тәулік бойы мамандар осы жерден бақылайды. Пайдалануға берілгеніне 50 жылдан асқан орталықтың былтыр екі қазандығы жаңаратылыпты. Соның өзінде желінің жалпы тозу көреткіші 39 пайыздан асады.

Қаладағы жылу құбырының ұзындығы 92 шақырым. «Атқарылған жұмыстардың арқасында оның тозу көрсеткіші біртіндеп төмендеп келеді»,- дейді мамандар. Былтыр осы мақсатқа 2 млрд теңге жұмсалған. Басталған іс биыл да жалғасады.

Александр Сенчев, коммуналдық мекеменің бас инженері:

2024 жылы үшінші су ысытатын қазандықты жаңартуға жобалық сметалық құжат дайындалады. Бұл жоба жоспарға сәйкес 2025-ші жылы іске асуы тиіс. Сонда желінің тозу көрсеткіші тағы 10 пайызға төмендейді.

Қазандық қана емес, көшеге төселген құбырлар да тозған. Біртіндеп ауыстырылып жатыр. Былтыр 1 млдр теңгеден астам қаржыға 2 жарым шақырымға жуық құбыр жаңартылған.

Ерлан Қазиев, Лисаков қаласы әкімінің орынбасары:

Қаладағы коммуналдық мекеменің қаржысына 1 мың 345 метр құбыр жөнделді. Бұған 47 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды.

30 мыңнан аса халқы бар шағын шаһардың жылу желісінде қыс түскелі апат болмаған. Ғимарат ішіндегі құбырлардың тарылып, бітелуі тәрізді ұсақ-түйек ақаулар ғана тіркеліпті. Алайда оның бәрі тұтынушыларды желіден ағытпай-ақ жөнделген.

Анарбек Мырзабекұлы, Лисаков қаласының тұрғыны:

Бәрі жақсы, жылы. Қайнап тұр. Суымыз таза. Жауыда жаңа сүзгі қойған.

Владимир Белых, Лисаков қаласының тұрғыны:

Бізде ешқандай мәселе жоқ. Пәтеріміз жылы, ішіп отырған суымыз таза. Пәтерге жылу берудің уақытша болса да тоқтатылған кезі есімде жоқ.

Әзірге тұрғындарға жайсыздық тудырмағанымен, қала инфрақұрылымының басым бөлігі ескірген. Мысалы су желісі 33, кәріз желісі 49, ал электр желілері 44 пайызға тозып тұр. Оларды жаңалау жүйелі түрде жүргізіледі. Яғни, бірер жылда бітпейтін шаруа.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу