Ел сүйіп көрген «Егіз лебіз» жобасы қайта эфирде. Санаулы сағаттардан кейін рейтингі жоғары талантшоу көрермен назарына ұсынылады. Өнер бәйгесінде дара таланттармен бірге түрлі сала мамандарынан құралған 12 өнерлі жұп сынға түседі. Қатысушылар арасында танымал спортшы, кино және театр актері, дәрігер, құтқарушы, күйші, айтыскер ақын, тележүргізушілер бар.
Бұл Сәбит Шонтақбаев. Есіңізде болса ол осыдан екі жыл бұрын Астанадағы көпқабатты үйдің 8 қабатынан құлағалы тұрған 3 жасар қызды құтқарып, бейбіт күннің батыры атанған еді. Енді міне, «Егіз лебіз» жобасына қатысып жатыр.
Сәбит Шонтақбаев, «Егіз лебіз» жобасына қастысушы:
Әу демейтін қазақ жоқ қой. Арасында ән шырқап тұратыным бар. Бірақ, кәсіби әнші емеспіз ғой. Сахнаның ауа райы бөлек болады екен. Сахнада өлең айту ең алғаш ауыр болды. Енді екінші түсірілімге түсеміз. Шамалы денем үйреніп қалды.
Сәбиттен бөлек бұл маусымда көрермен қоян-қолтық ұрыстан үш дүркін Әлем чемпионы Қазбек Сағынның, пандемия кезінде «Qazaqstan» телеарнасы арқылы дәрігерлік кеңес беріп, мыңдаған жанның өміріне арашашы болған дәрігер Айнұр Тажинаның, Қазақстан футбол құрамасының ойыншысы Ұлан Қонысбаевтың, айтыскер ақын Айым Асылбекқызының танымал кәсіби әншілермен бірге сахнадағы өнерін тамашалай алады.
Айта кету керек, 2013 жылдан бері эфирден түспеген мегажоба былтыр үзіліс алды. Ал, биыл көпшіліктің сұрауымен қайта түсіріліп, бүгін көрермен назарына ұсынылмақ. Шығармашылық ұжым өкілдерінің айтуынша, осы жолы жобада бірқатар өзгеріс бар.
Мұқағали Қуатұлы, «Егіз лебіз» жобасының продюсері:
Формат аздап өзгерді. Дуэт болып ән айтады бірақ, жұп саны аздау. Бірақ, бізде «Қайтару» деген ереже енді. Мысалы берілген бір бағдарламалар көрермендер ұнатқан жұпты қайтара алады. Бұл жобада залда отырған көрермендер дауыс береді. Сондықтан, келем деген, көрем деген кісілерге әрдайым есік ашық.
Тағы бір ерекшелік, жобаның әр шығарылымы түрлі тақырыпқа арналады. Қатысушы жұптар Шәмші Қалдаяқов пен әйгілі «Дос-Мұқасанның» аңызға айналған әндерін, патриоттық әндерді, заманауи хит әндерді, қазақстандық және әлемдік үздік фильмдердің саундтректері мен ретро әндерді орындаудан сынға түседі.
Жобадағы қазылар алқасының тұрақты мүшелері – Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов пен эстрада және опера әншісі Толқын Забирова. Ал қазылар құрамасының үшінші мүшесі әр шығарылым сайын ауысып отырады.