Алакөл жағалауында жазғы маусымға дайындық жүріп жатыр
Алакөл жағалауы жазғы туристік маусымға қызу дайындалып жатыр. Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Жетісу облысындағы туристік инфрақұрылымның дайындығын тексерді. Жұмыс сапары аясында Алакөл жағалауындағы негізгі нысандарды аралады. Атап айтқанда, қонақ үй кешендері, кәріз-тазарту құрылыстары, Көктума ауылындағы жағалауды бекіту жұмыстары және Үшарал әуежайының жағдайымен танысты. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес атқарылуда. Президент туристік аймақтарды ретке келтіру, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ инвесторлар үшін нақты жағдай жасау қажеттігіне ерекше назар аударған болатын. Бүгінде бұл мәселе Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында.
Қазір өңірде туристік маусымға дайындық жүйелі жүргізілген. Талдықорған – Үшарал және Үшарал – Достық бағытындағы 488 шақырым автожол қайта жасалып, көлге қатынас айтарлықтай жақсарған. Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағы жаңартылған. Инженерлік инфрақұрылым бойынша 57 шақырым электр желісі тартылып, екі қосалқы станция салынған. Ақшиде 69 шақырым кәріз желісі жүргізілді. Қазіргі таңда Ақши мен Көктуманың ағын суларын тазартатын нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Жағалауды бекіту – негізгі мәселелердің бірі.
Мырза Нұрсекеев, жоба жетекшісі:
Мұз ерісімен дайындық жұмыстарына кірісіп кеттік. Құрылысты былтыр тамыз айында бастаған болатынбыз. Қазірге дейін 960 метр жағалауды бетондадық. Жобаның жалпы ұзындығы – 14 шақырым.
Қазір бұл мәселе өзекті. Себебі көктемде жағалаудағы инфрақұрылымды су шайып кетеді, дейді кәсіпкерлер. Жағалауда санитарлық тазалыққа да баса мән берілген. 42 арнайы техника сатып алынған. Ал демалушылардың қауіпсіздігі басты назарда, дейді тәртіп сақшылары.
Әбдіғани Сейдуалиев, облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары:
Тәулік бойы 2 автопатруль және Көктумада 1 автопатруль қызмет атқарады. Сонымен қатар 5 жаяу бағыт бар. Әуеден дронмен патруль жүргізіледі. Барлық қауіпсіздік шаралары қарастырылған. 39 бейнекамера орнатылған.
Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін құтқару қызметі де күшейтілуде. Жазғы маусымда қосымша мамандар тартылып, техникалық базамен толық қамтамасыз етілген.
Қанат Алтынбеков, облыстық ТЖД басшысы:
Алакөл және Балқаш көлдеріндегі құтқару бөлімшелерінде 13 адамнан бар. Қосымша 60 құтқарушы тартылады. Алакөл жағалауында 11 жүзу құралы бар. Жалпы, құралдар жеткілікті.
Жағалаудың жазғы туристік маусымға дайындығы Үкімет бақылауында. Жұмыс қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары жауапты органдарға бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, инфрақұрылымдық жобалар уақытында аяқталуы тиіс. Қауіпсіздік пен санитарлық талаптар күшейтіледі. Демалушылар үшін түсіндіру және алдын алу шаралары жүргізіледі. Сондай-ақ туристер санының артуына байланысты демалыс аймақтарын жүйелі жаңғырту жұмыстары жалғасады. Бұл ішкі туризмді дамытуға серпін бермек. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаларының орындалуы да назардан тыс қалмауы тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы