Жамбылда жол қозғалысы біртіндеп қалыпқа келе бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда жол қозғалысы біртіндеп қалыпқа келе бастады

02.02.2024

Жамбылда жол қозғалысы біртіндеп қалыпқа келе бастады. Түске таман бірнеше ауданда боранның екпіні басылысымен «Қазавтожол» мамандары жолдарды ашты. Әсіресе, көлік тығыны көп Шымкент пен Тараз бағытына қан жүгіре бастады. Қозғалыс шектелген екі күнде Айша бибі ауылы маңында 700-ден астам көлік қозғалыссыз қалған болатын. Кептелген көліктердің қарасы 6 шақырымнан асты. Жылдамдығы секундына 19 метрге жеткен қарлы боран әсіресе Жуалы және Сарысу аудандарында қатты болды. Қазір Қордай, Тұрар Рысқұлов, және Байзақ ауданындағы барлық бағытта жолдар ашық. Жол тазалау жұмыстарына 30 адам мен 20-ға жуық техника жұмылдырылған.

Ержан Мананбаев, облыстық жергілікті полиция қызметі басқарма бастығының орынбасары:

Халыққа айтылған болатын боран соғып тұр жол жабық, деп. Алайда жүргізушілер +хабарламаларға қарамайды, жолға шығады. Қазіргі таңда ілеспе патрурьдік нарядпен алып жүру шарасын жүргізіп жатырмыз. 2-3 сағаттың көлемінде бұл жерде бірде-бір автокөлік тұрмайтын болады.

ЖОЛДА ҚАЛҒАН ЖОЛАУШЫЛАР ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Түркістан облысында кешеден бері республикалық және облыстық маңыздағы 20 жол жабылды. Әсіресе Түлкібас Төлеби және Бәйдібек аудандарында бұрқасын болып, жолда қалған 167 адам құтқарылды. Оларды құтқарушылар қауіпсіз жерге жеткізді. Түлкібас ауданында ауыл тұрғындары мен әкімдік қызметкерлері жолда қалған жолаушыларға тамақ таратты. Ауыр жүк көліктерінің қозғалуына көмек көрсетілді. Бүгін ауа райы біршама тұрақталып, жолдар ашылды. Қазір тек облыстық маңызы бар үш бағыттағы жол жабық.


Хабарламаларға жазылу