Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді

27.01.2024

Биыл – қазақ балалар әдебиетінің классигі, жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы. Мерейтой ЮНЕСКО көлемінде аталып өтеді. Әсіресе, қаламгердің кіндік қаны тамған Алматы облысы жұртшылығына артылар жүк аз емес. Өңірде қаламгердің мерейтойы басталды. Жазушының шығармаларын өскелең ұрпаққа насихаттау, жаңа қырын ашу уақыт талабы, - дейді қаламгерлер.

Қуан Нұрақын, тілші:

Көзі тірісінде дәрежелі сыйлық алмаса да, халық атынан берілетін кез келген марапатқа лайықты Бердібек Соқпақбаевтың әр кейіпкері елдің шынайы сүйіспеншілігіне бөленді. Бұдан жазушының таланты арта түсті. Кино саласының мамандары керісінше, қаламгер қаузаған тақырыптарға қазір ешкімнің бармайтынын айтады.

Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның халық әртісі:

Кіндігі елімен, жерімен байланған топ осы кісілер еді. Бүгінгі күн осы кісілердің ізін басып келе жатқандар бар, санаулы. Дәл осы кісілердей ауылға бет бұрып, әдеби дүниелер жазып келе жатқандар әсіресе, кин сценарий жағынан мен әлі оқығам жоқ.

Қаламгердің мерейтойын атап өту Алматы облысынан басталды. Шараға жиналғандар жазушының мұрасын насихаттауға осындай әдеби-мәдени шаралардың берері мол, - дейді.

Нұрлан Оразалин, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері:

Сол кісінің кіндігін кескен аймақта Жетісу жері, мынау Аспантаумен Сұлу көлдің арасын алып жатқан үлкен елде ғана болып жатқан жиын емес, бұл болашақта қазақ руханиятындағы, қазақтың әдеби кеңістігіндегі, қазақтың жалпы мәдени, рухани өміріндегі үлкен айтулы осы жылдың оқиғасы болғалы тұр.

Биыл мерейтой аясында бірқатар жұмыс қолға алынбақ. Шындықтың шырайын келтіріп, ақиқатты астарлап жеткізген жазушының шығармалары халықпен бірге жасай береді, - дейді қаламгердің ұрпағы.

Самал Соқпақбаева, Б.Соқпақбаевтың қызы:

Біраз мектептерге атын беріп жатыр. Біраз көшелерді атымен атау. Кітаптарды шығару. Толық жинағын шығару. Жасыратыны жоқ көбінесе «Менің атым қожаны» көрсетеді. Соны жақсы біледі. Ал, басқа керемет бір фильм түсірілген «Балалық шаққа саяхат» деген. Енді соны да көрсету керек. Ол неге жатып қалды?

Нұрлан Санжар, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

Бүгін мерейлі той. Жүз жылдық Бердібек ағамыздың. Оғанда қарасаңыз, мен 12 жастағы балаңға ұқсамаймын ғой. 60 жыл өтті. Бірақ Қожа деген кітапта болса да, кинода болса да, ол біздің арамызда.

Жиынға өңір әкімі, парламент депутаттары, жазушылар мен әртістер қатысты. Бердібек Соқпақбаевтың жеке заттарынан көрме ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шараның мерекелік бөлімінде елімізге танымал эстрада әншілері әннен шашу шашты.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу