Түркістан облысының Жетісай ауданында екі жүзге тарта шаруа күздегі өткізген өнімінің ақшасын ала алмай жүр. Қазір қордаланған қарыздың көлемі 600 млн теңгеге жуықтайды. Ал мақтаны қабылдап алған зауыт қожайындары болса есіктерін тарс жауып, жұртпен сөйлесуден қалыпты. Төзімі түгесілген шаруалар енді мақта зауыттарының есігін торуылдап әлек. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.
Жылысу ауылындағы шаруалар бүгін мақта қабылдау бекетінің алдына тағы жиналды. Ала жаздай еңбек еткендер күзде өткізген мақталарының ақшасын ала алмай жүр. "Енді несие алған қаржылық ұйымдар мен азық-түлік дүкендерге де қарызымызды қайтара алмай, жағдайымыз тығырыққа тірелді" деп отыр.
Бекжан Байтұрсынов, шаруа:
8 тоннадай мақтамның ақшасына күніге барамыз. Ендігі апта аласың, арғы апта аласың дейді. Жеріміз де айдалған жоқ. Уже адамдар суғарып жатыр, су да бере алмай отырмыз. Халықтан қарыз алып, жан жақтан қарыз болып біттік уже.
Мырзашөлде сор шаю мен жер жырту жұмыстары басталғанымен мұндағы халықтың оған қолы қысқа. Қолында қаражаты жоқтар суға да ақша төлей алмайды. Техника жалдауға да жағдайы жоқ. Аудандағы биліктен де көмек болмай тұр деп ашынады.
Марат Нәлібаев, шаруа:
Былтырғы, алдыңғы жылғы еккен мақталарының ақшасын ала алмай жүрген адамдар бар осы жерде 3 млн- 4 млн-дап. Біреулердің үйінде ұн жоқ, біреулердің үйінде нан жоқ деген сияқты бара бара қарызға батып бара жатыр.
Ашынған шаруалар бүгін де мақта қабылдайтын бекеттер мен зауыттарды аралап шықты. Бірі есігін ашпаса, енді бірінде тек күзетшілер қарауылдап қалған. Ал базбірінде мақтаны қабылдаған жауаптылар болғанымен беретін ақша жоқ деп қысқа қайырды.
Өзекті мәселеден жергілікті билік хабардар. Айтуларынша мақта зауыттарының басшылары бірінші желтоқсанға дейін қарыздан толық құтылуға уәде берген. Бірақ орындамапты. Енді төлеу мерзімін бірінші ақпанға дейін создырған.
Тұрышбек Елшібаев, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары:
Бүгінгі таңға Жетісай ауданы бойынша 162 шаруаға 585 млн теңге қарыз. Енді олардың уәжі мақта сатылмай жатыр волокна, жақында сатылады құтыламыз деп отыр.
Шаруалардың жағдайына енді ғана аудандық прокуратура қызметкерлері назар аударды. Қадағалау орган өкілдері тегін қызмет көрсететін қорғаушылар тауып, диқандарға заңдық тұрғыда қолдау көрсете бастады.
Айдархан Жүнісбеков, Жетісай ауданының прокуроры:
Ол адвокаттарға құжаттарын алып келіп, өткізсе, зауыттарға қатысты қарыздар туралы талап арызды жазуға көмектеседі. Сот барысында олардың құқықтарын қорғауға әрекеттер жасайды.
Шаруалардың қолында келісім шарт болған жағдайда ғана қарызды сот арқылы өндіруге болады. Берешек компаниялардың есепшоттары бұғатталады. Десе де күзден бері өнімінің ақысын ала алмағандар жақын арада қаржы беріледі дегенге сенбейді. Өйткені, өткен жылы да осындай мәселе туындаған. Оны шешуге Ауылшаруашылығы министрлігі араласса деп отыр.