Басты Жаңалықтар Президент Башқұртстан басшысы Радий Хабировты қабылдады

Президент Башқұртстан басшысы Радий Хабировты қабылдады

Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы тауар айналымы 350 млн доллардан асты. Бүгінде Башқұрстан еліміздің жетекші сауда серіктестерінің үштігіне кіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабировты қабылдап, екіжақты қарым-қатынастағы экономикалық байланыстың маңызына тоқталды.

Кездесуде сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, өнеркәсіп және басқа да салаларды өзара дамыту мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы бірқатар екіжақты келісімдердің, соның ішінде үкіметтер деңгейінде қол қойылған 2023-2024 жылдарға арналған жол картасының табысты жүзеге асырылып жатқанын ерекше атап өтті.

Өз кезегінде Радий Хабиров қазақ жерінде қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты қатынастарға тың серпін беру тұрғысынан алғанда бүгінгі сапарыңыздың мәні зор. Біз индустрия, агроөнеркәсіп кешені және гуманитарлық салалардағы байланыстарымызды әртараптандыру үшін барынша күш саламыз.

Радий Хабиров, Башқұртстан Республикасының басшысы:

Башқұртстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытуға ерекше мән беретініңізді білеміз. Менімен бірге үлкен делегация келді. 2-3 жылдың ішінде біз тауар айналымы мен өнеркәсіп кооперациясының көлемін айтарлықтай ұлғайттық. Бүгін «Қазақстан – Башқұртстан» форумын аштық. Біз үшін Қазақстан – ең басты серіктес. Біз мұнда өзімізді еркін сезінеміз.


Бөлісу